Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында мерекеге орай 9 мыңға жуық адам шахмат ойнады

Бүгін Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында Республика күніне арналған мерекелік шара кезінде еліміздің барлық аймағын аралап келе жатқан “Шахмат керуені” Оралдағы шахмат озаттарын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген БҚО әкімі Нариман Төреғалиев елімізде 900-ге жуық адам шахматтан халықаралық рейтингке ие болса, оның 15-і гроссмейстер атағын алғанын мақтанышпен жеткізді.

Облысымызда 9 мыңға жуық адам тұрақты түрде шахматпен айналысады. 500-ге жуық бала шахмат секцияларына қатысса, оларға бағыт беретін 20 білікті жаттықтырушы бар. Жыл сайын шахматтан аудандық, облыстық турнирлер ұйымдастырылады. Бүгінде интеллектуалды ойынға үлкен қызығушылық танытып, шахмат секцияларына жазылғысы келетін балалардың саны артып келеді”, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.

Іс-шара кезінде Қазақстан шахмат федерациясының облыстық филиалы ашылып, оның төрағалығына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тағайындалды. 

Мерекелік шара кезінде алаңға құрылған мобильді киіз үйде швейцарлық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұратын блицтен турнир болды. Онда облыстық іріктеуден өткен 20 адам өзара бақ сынасып, үш жеңімпаз 10 қараша Түркістанда болатын гранд-финалға жолдама алды. 1-орынды 15 жасар Төрехан Молбай (жүлдесі 100 мың теңге), 2-орынды Дмитрий Данилов (50 мың теңге) және 3-орынды шахматтан жаттықтырушы Мирас Рушанов (30 мың теңге) иеленді.

“Мен шахматты 4 жасымда әкемнен үйрендім. 8 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Бүгін турнирде облыстың 20 мықтысымен ойнап, І орын иелендім. Өзімнің жеткен жетістігіме қуанып тұрмын”, – деді жартылай финалдың 15 жасар жеңімпазы Төрехан.

 “Фридом Финанс” АҚ-ның Оралдағы филиалының директоры Бауыржан Мұхамбетов финалистердің жолақысы мен сыйақылары компания атынан қаржыланатынын айтты. 

Сондай-ақ турнирге қатысқан Аиша Тұрсынова “Қыздар арасындағы үздік көрсеткіш”, Бексұлтан Губашев “16 жасқа дейінгі үздік ойыншы” және Таир Жұмабаев “50 жастан асқан ардагер қатысушы” аталымдары бойынша марапатталып, әрқайсысына 30 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Марапаттаудан кейін алдын-ала тіркелген 10 әуесқой ойыншы шахмат олимпиадаларының жеңімпазы, Қазақстан чемпионы Роман Козловпен бір мезеттік ойын сеансына қатысты. 

Еске салсақ, “Шахмат керуені” –  шахмат федерацияның  өңірлердегі интеллектуалды спорт түрін дамыту үшін қолға алған жобасы. Ұлттың зияткер ұрпағын қалыптастыруды мақсат еткен жобаға Freedom Broker компаниясы бас демеушілік жасап отыр. 10 қарашада әр облыстың үздік 60 ойыншысы қатысатын гранд-финалдың жеңімпазы 5 миллион теңгені өз қанжығасына байлайды. Ал керуеннің жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге. 

Соңғы он жылда қазақ шахматы қарқынды дамып келеді. Атап айтсақ, балалар, жасөспірімдер және жастар арасындағы әлем чемпионаттарында отандастарымыз 100-ден астам медаль жеңіп алды. Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева сияқты гроссмейстерлер әлемдік шахмат элиталарының қатарында. Биыл сәуір айында Астанада шахмат тәжі үшін болған үлкен матчта 17-ші әлем чемпионы анықталды. Осынау тарихи оқиғадан кейін Ақтау қаласында 53 елден 400-ден астам шахматшы келіп қатысқан World Schools Team Championship өтті.

Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.

2023 жылғы шілдеде Үкімет Қазақстан Республикасында шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында бес жылда бастауыш сыныптағы балалардың 20 пайызы “Шахмат негіздері” таңдау пәнімен қамтылмақ.

Талқылау