Батыс Қазақстан облысында мереке қарсаңында 8 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі
Республика күні мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысында 8 әлеуметтік нысан пайдалануға беріледі. Атап өтсек, Ақжайық ауданында үш нысан ашылмақ – Чапай ауылындағы 320 орындық және Тайпақ ауылындағы 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Жайық ауылындағы 60 орындық шағын жинақты мектеп. Бәйтерек ауданының Жайық ауылында 108 орындық шағын жинақты мектеп, Теректі ауданының Абай ауылында 108 орындық мектеп пайдалануға берілер күн жақын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Республика күні қарсаңында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері үшін 500 орындық 9 қабатты жатақхана пайдалануға берілді. Студенттер үйінің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, құттықтау сөзінде университеттің атқарып жатқан істері ауқымды екенін атап өтті.
Студенттерді жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек арнайы бейнежазба арқылы құттықтады.
Онда министр: "Республика бойынша алғаш рет университет өз қаражаты есебінен студенттер үйін тұрғызды. Өңір басшылары осы орайда үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бізбен тығыз байланыс орнатып, құрылыс нысанының сәтті аяқталуына ат салысқан облыс басшылығына, университет ректоратына алғыс білдіремін. Бүгінгі таңда БҚУ студенттері 100% жатақханамен қамтамасыз етілді" деді.
Жатақхана нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас, жатын, жуыну бөлмелері бар. Ерекше айта кететін тұсы – мүмкіндігі шектеулі студенттерге арнайы бөлмелер мен мүгедектігі бар білім алушыларға 16 орын жасақталған.
Бөкей ордасы ауданының Хан Ордасы ауылында Визит орталығы салтанатпен ашылды. Заманауи технологиямен жабдықталған Визит орталығындағы ақпараттық тақтадан музей-кешенін аралау үшін экскурсияны алдын ала жоспарлап алуға болады. Жаңадан салынған орталықта балаларға арнайы бөлме, келушілерге қызмет көрсетететін фотолаборатория, жергілікті қолөнер шеберлері жасаған естелік сыйлықтарды туристерге сату орындары қарастырылған.
Жуырда Сырым ауданының Өлеңті ауылында Өлеңті ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Пункттің ашылуына Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев, Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов арнайы қатысты.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов Өлеңті ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы аясында 2023 жылдың шілде айында басталғанын айтты. Әкімнің айтуынша, медициналық мекеменің құрылысына Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы тапсырыс беріп, ғимаратты мердігер "Фирма Иском" ЖШС салған.
Қазір Сырым ауданында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы бағдарламасы аясында 10 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмысы жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Шағырлой ауылын ауыз сумен қамту жобасы.
Республика күні қарсаңында Шағырлой ауылдық су құбыры пайдалануға берілді. Нысанның ашылуы салтанатына БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Молдашев, аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, "Батысгазстрой" ЖШС директорының орынбасары Гүлмира Мұқанова қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
Шағырлой ауылы су құбырының ұзындығы – 27 шақырым. Ауылдағы 125 үй су жүйесіне жалғанып, ауыл тұтастай сапалы ауыз суды тұтынатын болды.
Аудан бойынша елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету 87 пайызға жеткен. Жуырда Сырым ауданының Алғабас, Қарағанды ауылдары да ауыз су құбырына қосылмақ.