Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында бухгалтер 118 миллион теңгені 1XBet-те бәс тігуге жұмсаған

Фото с сайта finrussia.ru букмеркерлік бәсФото: finrussia.ru

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік кәсіпорын бухгалтері аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, лудоманияға шалдыққан қызметкер 118 миллион теңгені 1XBet букмекерлік кеңсесінде бәске тігіп, ұрланған қаржыға автокөлік сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік кәсіпорындардың бірінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, лудоманияға шалдыққан кәсіпорын бухгалтері мекеме қаржысын заңсыз пайдаланып, оны "1XBet" букмекерлік кеңсесінде бәске тіккен. Сондай-ақ жымқырылған қаражаттың бір бөлігіне жаңа автокөлік сатып алған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 118 миллион теңге болды.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды. Тергеу амалдарын арнайы прокурорлар жүргізіп жатыр.

Сот санкциясымен күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды, ал сатып алынған автокөлікке тыйым салынды.

Айта кетейік, 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында прокуратура органдарының қадағалау актісі негізінде букмекерлік кеңселерде бәс тіккені үшін түрлі мемлекеттік органдардың 16 қызметкері жұмыстан босатылған.



Еске салайық, бұған дейін Шымкентте құмар ойынға құнығып, бәс тіккен 50 мемлекеттік қызметкер жұмысынан айырылуы мүмкін екенін жаздық. Олар бір жылда букмекерлік кеңсеге 400 миллион теңге ұтылған екен. Қисапсыз қаржының құмар ойынға кетіп жатқанын Шымкент прокуратурасы анықтады. Олар арнайы талдау кезінде лудомания дертіне шалдыққан мемлекеттік қызметкерлердің тізімін жасапты. Заң бойынша олардың бәс тігіп казиноға баруына тыйым салынған. Сондықтан қызметте болса да құмарын жеңе алмай жүргендер шетінен жылы орнымен қоштасады.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 12 Ақпан, 2026 11:19