Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында бірқатар ауруханалар жаңартылмақ

Батыс Қазақстан облысында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы аясында екі аудандық аурухана қайта жаңғыртылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсановтың айтуынша, қазіргі таңда Казталов және Бөрлі аудандық ауруханасы негізінде 2 ауданаралық аурухана салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлейтін ұйым анықталды. Ерлан Виленұлының сөзінше, 2025 жылға дейін Бөрлі (154 кереует орынға есептелген) және Казталов (100 орын) аудандық ауруханасы жанынан инсульт орталығы, тері арқылы араласу орталығы, травматология бөлімін ашу жоспарланып отыр. Бұл жағдайда Бөрлі ауданаралық ауруханасы көршілес аудандардың тұрғындарын қосқанда, 93 425, Казталов ауруханасы 56 586 адамға қызмет көрсететін болады.

“Екі аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстарымен қатар жаңадан мамандар алынады. Мысалы, Бөрліге 29 маман қажет. Осыған байланысты басқарма тарапынан Денсаулық сақтау министрлігіне өтінім жолданады. Казталов ауданаралық ауруханасын жаңғырту барысында 33 дәрігер, 58 орта буын қызметкерлер қажет. Екі ауданға қажет мамандарды тарту үшін облыстық мәслихат деңгейінде тұрғын үй және 5 млн теңгеге дейін әлеуметтік пакет бөлу қарастырылды”, – дейді ол. 

Сондай-ақ, "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында облыста 2025 жылға дейін 50 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынады. Соның ішінде биыл – 24, 2024 жылы 26 нысан бой көтермек. 

"Қазіргі таңда 50 нысанға арналған жер телімдері рәсімделді. Сондай-ақ, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. БҚО құрылыс басқармасы биылға жоспарланған 24 медициналық нысанның 14-і бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Денсаулық сақтау министрлігіне бюджеттік өтінім жолданып, 12 медициналық нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге 3,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 12 нысан бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды", - деді Тоқсанов.

Басқарма басшысының айтуынша, бұдан басқа "TurarHealthcare" коммерциялық емес акционерлік қоғамы 3 эталондық жоба дайындап, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Атап айтқанда, Ақжайық ауданы Базартөбе ауылында дәрігерлік амбулатория, Бөрлі ауданы Қарағанды ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт және Қаратөбе ауданы Үшағаш ауылында медициналық пункт тұрғызылады.

Қалған 7 медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаттарын жасауға облыстық бюджеттен 902,0 мың теңге қаралды.

Талқылау