Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында биыл жол жөндеу жұмыстарына 80,3 миллиард теңге бөлінген

Батыс Қазақстан облысында биыл жол жөндеу жұмыстарына 80,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Айдар Менеевтің айтуынша, өңірде автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 176 шақырымды құрайды. 

“Облыста осы жылы "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" Ұлттық жобасы және "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде 80,3 миллиард теңге сомасына барлық маңызды 620, 7 шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарланған. Бұл жоба бойынша республикалық, жергілікті, ауылішілік және облыс орталығы Орал қаласындағы көшелер жөнделетін болады”, – дейді басқарма басшысы. 

Айта кетсек, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталған. 

Манеевтің айтуынша, 2019 жылдан 2022 жылға дейін осы жол учаскесінің небәрі 125 километрі жөнделген екен. Алайда осы жылы өңір басшысының тікелей бақылауының арқасында соңғы бес айдың ішінде 73 километр асфальт төселіпті. 

“Ал қалған 47 км жолды жөндеу кестеге сәйкес жүргізілуде. "ҚазАвтоЖол" компаниясы аталған жол учаскесін жыл соңына дейін аяқтаймыз деп отыр. Бірақ компания құрылыс материалдарының (қиыршық тас, битум) жетіспеушілігіне байланысты жұмыстың барлық көлемін тез арада аяқтау мүмкін емес екенін айтқан болатын. Соған қарамастан бүгінде үкіметтің, "ҚазАвтоЖолдың" және облыс әкімдігінің бірлескен тиімді шараларының арқасында қажетті материалдарды жеткізу жолға қойылып, жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр”, – дейді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар биыл үкіметтің тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін өңірдегі нормативтік жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 46%-дан 52%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Талқылау