Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында азаматтық форум өтті

Бүгін шаһардағы "Атамекен" өнер ордасында "Инклюзивті мемлекеттік саясат: азаматтық қоғамның үлесі" тақырыбында өңірлік XI Азаматтық форумы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік жобалардың құрылымын қайта қарау, ҮЕҰ-ды құру, қолдау және дамытудың жаңа тәжірибесін зерделейтін жиын "Қоғамға пайдалы бол" тақырыбындағы көрмемен ашылды.

Форумның пленарлық отырысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. 

Азаматтық қоғамды дамыту, билік пен қоғамның бірлестігі мен әріптестік саясатына қатысты мәселенің барлығы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үнемі назарында. Қазақстан Республикасы Президентінің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасындағы маңызды тетіктердің бірі – қоғам атынан сөйлейтін үкіметтік емес ұйымдар  мен билік арасындағы алтын көпір болып табылады. 

Үкіметтік емес сектордың қоғамдағы үлес салмағын көбейту, олардың белсенді жұмысына барынша қолдау көрсету жергілікті әкімшіліктің мүддесі. Себебі, бұл бағыт Әділетті Қазақстан құру жолындағы зор тетіктердің бірі. Қоғамдағы тұралап қалған салалардың бойына қан жүгіртіп, күрмеуі көп күрделі мәселелердің шешілуіне үлес қосып жүрген - осы қоғамдық ұйымдар. Олардың басын біріктіріп, қызметін шыңдайтын Азаматтық форумдар – азаматтық қоғам дамуының көрсеткіші ретінде сындарлы сұхбат пен құнды ұсыныстар айтылатын диалог алаңына айналып отыр”, – деді әкім. 

Батыс Қазақстан облысында 670 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 100-ге жуық қоғамдық бірлестіктер белсенді қызмет атқарып, түрлі деңгейдегі Қоғамдық кеңестердің, консультативті-кеңесші органдардың құрамында және түрлі салаларда тиімді жұмыс жасауда.

2023 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша 163 жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 1 млрд. 227 млн. теңге бөлінді. Облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты 5 салалық басқарма, Орал қаласы мен 12 ауданның әкімдігі жүзеге асырады.

 Белсенді жұмыс жүргізіп, халықтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуге атсалысқан үкіметтік емес ұйымдарға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жыл сайын сыйақы тағайындап отыр. Өткен жылы аталған сыйақы белсенді қызмет атқарған 3 ұйымға берілсе, 2 үкіметтік емес ұйым алғаш рет өткізілген "Таңдау" сыйлығының иегері атанды. 

Биылғы жылы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының гранттық қаржыландыру операторымен бірлесіп, 25 млн. теңге көлемінде 3 жобаға конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Грант Батыс Қазақстан облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және ауыл жастарын қолдауға арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыруды қамтиды.

Соңғы 4 жылдың ішінде 21 үкіметтік емес ұйым жұмысы жоғары бағаланып, өңіріміз республика бойынша жақсы нәтиже көрсеткен облыстардың қатарына енді.

Форум "Халық үніне құлақ асатын үкімет" саясатын іске асыру шеңберінде азаматтық секторды мемлекеттік қолдау мен реттеудің қолданыстағы жүйесінің нәтижелерін бағалау, бизнеспен және БАҚ-пен өзара іс-қимылды жақсарту арқылы әлеуметтік әріптестікті дамыту, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының жұмысына халықтың сенімділік деңгейін арттыру, таныту және сол арқылы ҮЕҰ-дың оң имиджін қалыптастыру бағытын қамтиды.

Айта кетсек, өңірлік форум БҚО қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, "Жайық таңы" ҚБ және Батыс Қазақстан облысының Азаматтық Альянсы" ЗТБ ұйымдастыруымен өтті.

Күні бойы үш панелдік сессияның жұмысына ЖАО, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері мен жетекші тренер, сарапшылар қатысады.

 

 

Талқылау