Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында аймақтық "Жас келін - 2023" келіндер байқауы өтті

Батыс Қазақстан облысында аймақтық "Жас келін - 2023" келіндер байқауы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 


Халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен "Ағайын Холл" мейрамханасында аймақтық "Жас келін - 2023" байқауының екінші кезеңі өтті.

Ақтөбе, Маңғыстау облысы мен аудан орталығынан сайысқа қатысқан жас келіндер ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарды дайындады. 13 келін бақ сынасқан бәсекеде қарын бүрме, өрме төс, сүмесүт секілді ұлттық тағамдарды дайындап қазылар алқасына ұсынды. Бұдан соң "Атамекен" өнер ордасында "ЖАС КЕЛІН - 2023" аймақтық келіндер байқауы жалғасын тапты. 

"Отбасы -   бақыт мекені" сырласу -  сұхбат үстелінде өңірге танымал тұлғалар -   Тұяқбай Зейітұлы, Ғайсағали Сейтақ, Жаскелең Ғайсағалиев, Қуаныш Қисметов сынды ағаларымыз жұбайларымен бірге келіп,  жас келіндерге өнеге-өсиет айтып, отбасылық құндылықтары туралы ойларын ортаға салды. 

БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Шалқыма Хайроллақызы,   "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, жазушы-ақын Дариға Ғазезқызы, "Ағайын холл" мейрамханасының бас аспазшысы Жұмасұлу Шамекейқызы, "Ерен еңбегі  үшін" медалінің иегері, "Қазақ аналары - дәстүрге жол" республикалық ҚБ БҚО филиалының төрайымы, дәстүрлі әнші Күләш Қуатқызы, "Мария ханым" сән салоны басшысы Жұлдыз Қазиқызы жас келіндердің шаңырақ ұйытқысы болуына ниеттес екендіктерін жеткізді. 

Қалалық мәдени ағарту бірлестігінің ардагер клубының "Тағылым" тобы қатысып, жас келіндерге сәттілік тіледі. Шараға соңында Тұяқбай аға жас жұбайларға бата-тілектерін жолдады. "Жас келін - 2023" аймақтық келіндер байқауының негізгі мақсаты жас келіндердің ұлттық ұстанымдары,  салт-дәстүрге деген жетіктігі, әйел адамының қоғам алдындағы рөлін көтеру болатын.

Сонымен қатар абысынды-келіндердің татулығын нығайту еді. Осы байқау аясында облыстық халық шығармашылығы орталығында жазушы-ақын Дариға Мұштанованың "Аңыз болған абысындар" лиро-драмасы сахналанды. Қойылымның режиссері –  Нұргүл Жұбатова. Облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған шараға қолдау білдіргендері  үшін Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістеріне де алғыс айтқымыз келеді. 

20 қыркүйек күні "ЖАС КЕЛІН - 2023" аймақтық келіндер байқауы жалғасын тауып "Қайын жұртым - қадірім" бөлімінде барлық сайысқа қатысушы отбасыларын толық таныстырды. Сонымен қатар өз өнерлерін көрсетіп, сахна төрінде ұлттық киімдерді насихаттады. Сайыстың қорытындысы бойынша;

  • Бас жүлдені Жәнібек ауданының келіні Қарабасова Бағдагүл иеленді. 
  • 1 орынды Теректі ауданының келіні Ізғалиева Мөлдір алды. 
  • 2 орынға Ақтөбе облысынан келіні Ғабсаттар Хұсни ие болды.
  • 3 орынды Бөкей ордасы ауданының келіні Жауылбаева Гүлзада алды.

Сонымен қатар жұлде алмаған келіндерге диплом табысталып, алғыс хатпен марапатталды:

  • Нұрланова Бақытгүл /Маңғыстау облысы/
  • Сүйінішқалиева Әйгерім / Ақжайық ауданы/
  • Меңдібаева Айдана /Шыңғырлау ауданы/ 
  • Жұмашева Жәния /Тасқала ауданы/
  • Наурызғали Ұлпан /Жаңақала ауданы/
  • Қуанаева Кенжегүл /Орал қаласы/
  • Баймұрат Әсемгүл /Бәйтерек ауданы/
  • Әділгереева Гүлжүзім / Сырым ауданы/
  • Бейсханова Балым /Бөрлі ауданы/ алды.
Талқылау