Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 23 жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында барлық қаржыландыру көздерінен 23 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің мәліметінше, оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 8 мектептің құрылысы жүргізілсе, 15 мектеп облыстың 7 ауданында КПО б.в. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде салынуда. Бұл мектептердің 18-ін ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы шеңберінде облыс бойынша 16 200 орындық 18 мектептің құрылысы 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Соның ішінде 9 мектептің құрылысын осы жылы бастап 2024 жылы аяқтау, қалған 9 мектептің құрылысын 2024 жылы бастап 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда 9 мектептің 5-еуі бойынша мектептің құрылысы басталды. Қалған 4 мектептің құрылысын жүргізуге мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Күрделі жөндеу мәселесіне тоқталсақ, ағымдағы жылы 6 білім беру нысанында күрделі жөндеу жұмыстарына 678,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Тамыз айында 6 мектептің 3-еуі бойынша күрделі жөндеу жұмыстары аяқталса, қалған 3 мектептің жұмыстарын кестеден артта қалып жүргізілу себебінен жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған білім беру ұйымдарында оқу процесі басқа әлеуметтік нысандарда ұйымдастырылады.

Талқылау