Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бастығының өтінішінен кейін екі адамды жұмысқа алған": “Ұлттық аккредиттеу орталығының" бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

Фото: gov.kz

Таяуда қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деп айыпталған “Ұлттық аккредиттеу орталығы” РММ бас директорының бұрынғы орынбасары Нұрлан Шоқбарбаевқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Kozachkov offside телеграм арнасының хабарлауынша, тергеу барысында экс-шенеунік бастықтарының өтініші бойынша екі жалған қызметкерді жұмысқа алып, мерекелер ұйымдастыруға да сыйақы жұмсағаны белгілі болды. 

“Сотта Шоқпарбаев ол адамдарды жұмысқа алуға Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінінің бұрынғы төрағасы Қуаныш Елікбаев өтініш білдіргенін айтты”, – деп жазды Козачков.

Жалақы алып, жұмыс істемегендердің бірі Елікбаевтың Құсайынбек деген көмекшісі болса, екіншісі Елікбаевтың хатшысы Мұхайменова болған.

Яғни, екеуі комитетте жұмыс істегенімен, еңбекақыны ведомстволық бағынысты ұйымнан алып келген. Бұл фактілер Жоғарғы аудиторлық палатаның тексеруі барысында анықталған. Айта кетерлігі, олар бюджетке 4,5 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Сондай-ақ мемлекеттік аудиторлар Ұлттық аккредиттеу орталығында заңсыз сыйақылар төленгенін, алайда қызметкерлер бұл ақшаны кейін бас есепшіге беріп отырғанын анықтаған.

Шоқпарбаев ұйым шығындарына қаржы керек болғандықтан, қаражаттың бір бөлігін қол астында жұмыс істейтіндерден алуға мәжбүр болғанын айтып түсіндірді. Мәселен, Наурыз мейрамында ардагерлердің бірін шақырып, оған шапан жапқан. Сыйлық ретінде кітаптар сатып алып, мәжіліс залының ақысын төлеп, басшылықтың тапсырмасы бойынша ауызашар өткізген.

Сотта Қуаныш Елікбаевтан да жауап алынды, алайда ол біреуді жұмысқа алуға ешкімді мәжбүрлемегенін, тек Шоқпарбаевқа сондай өтініш білдіргенін, оның үстіне кейіннен ол өз қызметкерлері үшін мемлекетке келтірілген шығынды өзі өтегенін айтты. Бірақ ол Наурыз бен басқа мерекелердің ақшасын кім төлегенін білмейтін болып шықты.

“Осыған байланысты Нұрлан Шоқпарбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Құқық қорғау органдары оның тікелей басшысына қызығушылық танытпады”, – деп жазды журналист Михаил Козачков.

Ал Елікбаев министрліктегі комитет төрағасы қызметінен кетіп, қазір Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесінің (министрінің) көмекшісі қызметін атқарып жүр. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 22 Мамыр, 2025 12:07
Талқылау