"Басшылықтың қас-қабағына қарайды": Депутат мемлекеттік қызметкерлерге билікке емес, халыққа қызмет ету керегін айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметкерлердің халықтан алшақтап кеткенін, басшылықтың қас-қабағына қарап жұмыс істейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат мемлекеттік қызмет билікке қызмет емес, халыққа қызмет ету екенін түсіндірді.
“Мемлекеттік қызмет – бұл билікке қызмет емес, халыққа қызмет. Өкінішке қарай, біздің мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе орталық, жергілікті деңгейдегі қызметкерлер міндетін халыққа қызмет емес, керісінше үлкен басшылыққа қызмет ету деп ойлайды. Сондықтан біз парадигманы түбегейлі ауыстыруымыз керек. Мемлекеттік қызметтің концепциясын толығымен өзгертуіміз керек. Біз қазір осы заң жобасына маңызды ұсыныстарды енгізіп жатырмыз. Бірақ онымен мемлекеттік қызметтің абыройын көтере алмаймыз. Кез келген азамат мемлекеттік қызметке келсе, ол сырғытпа жауаптан бастап халықты қабылдауға дейін басшылықтың қабағына емес, халықтың қабағына қарайтын психологияны заң шеңберінде енгізуіміз керек. Бұл парадигма деп есептеледі”, – деді депутат.
Депутаттың сөзінше, қазір басшылар барлық жауапкершілікті ең төменгі қызметтегі маманға жүктеп қояды. Бақытжан Базарбек мұндай түсінікті жою үшін бірқатар ұсыныстар айтты.
“Біріншісі бұл сырғытпа жауаптар. Азаматтарға сырғытпа жауап берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейтетін норма енгізуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде заң шеңберінде ондай жоқ. Оны біз құқықтық тұрғыдан реттеуіміз керек. Екіншіден, сайланған әкімдер халық алдында есеп беретінін білеміз. Бірақ халықтың сайланған әкімдердің есебіне көңілі толмайды. Сондықтан халықтың әкім есебіне көңілі толмаса, осы есепті қабылдамау тетіктерін енгізуіміз керек. Бұл да мемлекеттік қызметтің абыройын көтерудің және халыққа бет бұрыстың белгісі. Оның нәтижесі бойынша халықтың көңіліне толмаған әкімді қызметінен шеттету тетіктерін де енгізуіміз керек”, –деді депутат.
Одан бөлек депутат әрбір шенеунікті халық бағалайтын ақпараттық жүйе енгізу керегін айтты. Оның сөзінше, қазір өкінішке қарай шенеуніктер ашық ақпараттың өзін жасыруға тырысады.
Сонымен қатар Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметтің абыройы түсіп бара жатқанын жеткізді.
“Жастар мемлекеттік қызметке кетіп бара жатқан жоқ, жастар мемлекеттік қызметтен бизнеске кетіп жатыр. Мен қаншама жаспен сөйлестім. Олардың айтуынша жан-жақтан қысым көп, тексеріс көп жасалады. Сондықтан мемлекеттік қызметке келгіміз келмейді деп айтады. Былық анықталған кезде кім жауапкершілікке тартылады? Жастар, бөлім маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысы. Сондықтан бұл психологияда парадигманы ауыстыру дегеніміз осы. Парадигманы өзгертіп, жаңа институт енгізуіміз керек”, – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Депутат жоғары лауазымды тұлғаның кінәлілік презумпциясын енгізу керек деп есептейді.
“Кейбір елдерде осындай ереже қолданылады. Қарапайым маман әкім немесе оның орынбасары берген тапсырма заңсыз, заң нормаларын қатаң түрде бұзу екенін түсінсе де, оны орындауға мәжбүр. Сондықтан тапсырманы берген лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылуы керек. Кінәлілік презумпциясы деген осы. Осылай біз қарапайым мамандарды, сарапшыларды, бөлім басшыларын құқық тұрғыда қорғаймыз”, - деді Базарбек.
Сонымен қатар депутат Бақытжан Базарбек командалық ауыс түйіске мораторий енгізуді ұсынды.
“Біз командамен ауысу туралы мәселені қозғап келе жатқанымызға он жылдай болды. Әкім ауысса, өзімен бірге 30-40 адамды ертіп келеді. Сондықтан командалық ауыс түйісті тоқтатуымыз керек. Кем дегенде үш жыл мораторий енгізуіміз керек. Министр тағайындалды ма, әкім тағайындалды ма, үш жыл бойы бұрынғы команда тұруы тиіс”, – деді депутат.
Мәжіліс спикері ұсынысқа не деді?
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бұл мәселені депутаттың өз комитеті қарап жатқанын айтты.
“Біріншіден, агенттікпен бірге нақты ұсыныстар дайындау керек. Екіншіден, 80 мыңнан аса мемлекеттік қызметкерлер бар. Оның бәрі мемлекетке емес, билікке қызмет істейді дегенмен келіспеймін. Өзім де мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өттім. Қаншама әріптесім, аппарат қызметкерлері бар, бәрі мемлекетшіл, патриот азаматтар, – деді Қошанов.
Сонымен қатар Қошанов осының бәрін ескеріп, байқап сөйлеу керегін айтты.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған