Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бонус табысынан көп": Депутат "Самрұқ-Қазынаның" еншілес компания басшылары 274 миллион теңге сыйақы алғанын мәлімдеді

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бір жылда 274 млн теңге көлемінде сыйақы жазып алған басшылар туралы айтты. Депутат өздеріне қомақты сыйақы жаздырып алған басшыларға шара қолдану қажет екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот

Осы мәселені көтерген Сайыров Үкімет басшысы мен Бас Прокурорға депутаттық сауал жолдады.

"Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады. "Самрұқ-Қазынаның" еншілес "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан екі есе көп бонус алған”, – деді депутат.

Сайыров кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жаздырып алған деген дерек келтірді. 

“Өз кезегінде, "Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис" компаниясының еншілес кәсіпорны саналатын "КАЗ КЛОУД" компаниясының да басшылығына жомарттығында шек жоқ. Біріншіден, тең құрылтайшы болып табылатын "Қазақтелеком" өзінің үлесін жеке серіктестікке беріп жіберген. "Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?" – деген сұрақтар туындайды. Екіншіден, осы "КАЗ КЛОУД" команиясының менеджменті, компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, сыйақы ретінде бір жылда 336 млн теңге алған”, – деп  мәлімдеді Ерлан Сайыров.

Депутаттың мәліметінше, "Қазақтелеком" басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге премия алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді.

Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? "Самрұқ-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері, еншілес кәсіпорындары өздерінің басшыларына бонус, сыйақы жазып алуға ғана қызмет ете ме?" деген заңды сұрақ туады”, –  дейді депутат.

Депутат баяндама барысында келесідей ұсыныстарын айтты:

1.  "Самрұқ-Қазынаның" өз менеджментіне "асыра сілтеп" премия жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
2.   "Самрұқ-Қазынада" құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажеттігін анықтау;
3.   "Самрұқ-Қазынаның" қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.
 

Азамат Серікхан
Сәрсенбі, 04 Қазан, 2023 11:07
Талқылау