“Басшы болу — атақ үшін емес”: Мансабын аяқтаған боксшы Бекзат Нұрдәулетов лауазымды қызметке тағайындалды
Фото:Спортшының жеке парақшасынан
Бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Маңғыстау облысындағы бокс бойынша олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұны спортшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Бұған дейін аталған қызметті екі дүркін Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов атқарған.
Бекзат Нұрдәулетовтің айтуынша, бұл қызмет – атақ үшін емес, жастарға жүйелі бағыт-бағдар беріп, спортты дамытуға арналған үлкен жауапкершілік.
"Бүгін мен үшін үлкен жауапкершілік жүктелген жаңа кезең басталды. Мені Маңғыстау облысындағы бокс бойынша олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының басшысы етіп тағайындады. Басшы болу – атақ үшін емес, жүйе қалыптастыру, жастарға жол ашу, спортты дамыту үшін. Алдымда тұрған мақсат айқын. Жұмыс енді ғана басталды", – деп жазды ол.
Айта кетейік, Бекзат Нұрдәулетов – "Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері", "Құрмет" орденінің иегері.
Атақты Ла Крузды тізе бүктірген қазақстандық боксшы мансабын аяқтады
Сондай-ақ ол 2019 жылғы әлем чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2024 жылы Азия чемионатында топ жарған. Бекзат кәсіпқой бокста WBO Youth нұсқасы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді

