Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарапшы ауыл мен аудан әкімдерін сайлаудың маңызын айтты

"Мемлекет тарихы институты" мемлекеттік мекемесінің директоры Нұрбек Пұсырманов аудан мен қала әкімдерін сайлаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Пұсырмановтың айтуынша, аудан әкімдерінің сайлау билік тұтастығын сақтай отырып, жергілікті жерде өңірлік мәселелердің жедел шешілуін күшейтеді және жергілікті басқару жүйесінде елеулі институционалдық өзгерістер әкеледі.

“Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық” конституциялық нормасы кеңейе түсті. Бұрын тек азаматтар жоғары билікті сайлауға қатысса, енді әрбір аудан, ауыл әкімдерінің сайлауына мүмкіндік бар. Бұрын жұрт өз әкімдерін көрмейтін, ал қазір әлеуметтік желі арқылы бақылап, әкім кездесулері мен есептеріне келіп сауалдарын жолдауға болады”, – деді "Мемлекет тарихы институты"  басшысы.

Оның айтуынша, бұл әкімдер корпусын жаңалайды. Мәселен, 2021 жылы аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттер мен ауылдардың әкімдері деңгейінде апробация өткенде 1 668 әкім сайланып, олардың 57,4%-ы бұрын бұл қызметте жұмыс істемегені айтылған.

Сарапшы бұл жаңа саяси коммуникация желісінің құрылуына себепші екеніне сенімді. Тұрғындар жергілікті мәселені ортақтасып шешеді, оны басқарып, үйлестіретін әкімін өздері таңдайды. Таңдаған әкімдері арқылы саясатты жасауға атсалысады. 

“Ауыл әкімдерін сайлаудағы қазақстандық модель эволюциялық жолын өткеруде. Бізге дейінгі болыстарды сайлау жүйесі сыртқы әкімшілік реформа нәтижесінде енген. Оны тарих кеңістігінде зерделеп, баға беру қажет.  Үміткерлердің үштен екісіне жуығы өзін-өзі ұсыну құқығын пайдалануы азаматтардың саяси көшбасшылыққа дербес бәсекесін бейнелейді”, – деді Пұсырманов.

Еске салсақ, елімізде 5 қарашада алғаш рет облыстық маңызы бар қала мен аудан әкімдерінің сайлауы өтуде.

Талқылау