Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқалары Ashyq-сыз жұмыс істеп жатыр": Елордалық кинотеатр қызметкерлері үкіметтен көмек сұрады

Пандемия белең алғаннан бері үш рет жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған Нұр-Сұлтандағы "Арсенал" кинотеатрының ұжымы үкіметке петиция жолдады. Бұған дейін бас-аяғын қосқанда 11 ай жұмыссыз отырған компания 18 миллион теңге шығынға батқан. Енді қайта "қызыл" аймаққа кірген елордадағы кинотеатр жаңа қаулыға сәйкес 11-шілдеден есігін құлттап, қызметкерлерін үйлеріне қайтарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

арсенал

Өзі жалғыз алты бала тәрбиелеп отырған Елена Якименко біраз уақыттан бері "Арсеналда" контролер болып жұмыс істейді екен. Екі күн бұрын "жұмысты тоқтатамыз" дегенді естіп есеңгіреп қалған ол осы айдың пәтерақысын қалай төлеймін деп уайымдап отыр. Үкіметтен балалары үшін ай сайын алатын 70 мың теңге жыртығыма жамау бола алмайды дейді көпбалалы ана. 

"Біздің жұмысты жауып тастағандарын әділетсіз деп санаймын. Өзге дәмханалар мен мейрамханалар "Ашықсыз" да жұмыс істеп жатыр. Ал біз барлық санитарлық нормаларды сақтасақ та тағы жауып тастады", – деді "Арсенал" кинотеатрының қызметкері Елена Якименко. 

Ал жұмыссыз қалған 20-дан астам адамның барлығы бірдей о баста коронавирусқа  қарсы вакцина алып алған. Олардың ішінде зейнеткерлікке шығайын деп отырған 4 адам бар екен. Олар, тіпті бұған дейін 11 ай үйде отырғанда ішер асын несиеге де алған. Зейнеткерлердің бірі сол күніміз қайта келе ме деп көзіне жас алды. 

Ал қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл талап "қызыл" аймақтағылардың бәріне бірдей дейді. 

"Нөмір 21-інші қаулыға сәйкес бірқатар объектілердің жұмысына тыйым салынған. Соның ішінде кинотеатрлар мен кинорумдардың жұмысына тыйым салынған. Ашық қосымшасы арқылы келушінің көк мәртесі болса да коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі болуы мүмкін. Өйткені 40 пайыз жағдайда ауру симптомыз болуы мүмкін", – дейді Нұр-Сұлтан қаласы СЭБД бас маманы Ержан Өткелбаев.   

Табыссыз қалғандар үкімет қаулы шығарып қойып, кімнің не жейтінін ойламайды деп ренжулі. Тіпті 11 ай үйде отырғанда 20 адамның тек кейбірі ғана екі рет 42500 теңге алған. Қалған айда қарыз алып, биыл сол берешектерін ақырын қайтарып бастағандары сол екен. 

Дидар Халық
Сәрсенбі, 14 Шілде, 2021 09:44
Талқылау