Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқаларға үлгі болсын": Автобус жүргузішісінің арбадағы адамға көмектескен әрекеті алматылықтарды сүйсіндірді

Алматылық қоғам белсендісі Евгений Мұхамеджанов қаладағы автобус жүргізушілерінің бірі жұртты тәнті еткен игі ісі туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Евгений Мұхамеджановтың Facebook парақшасынан

Евгений Мұхамеджанов қоғамдық көлік жүргізушісінің бұл әрекеті көпшілікке үлгі екенін айтты.

“Бұл – Норвегия, Германия немесе Жапония емес. біздің Алматыдағы әдеттегі автобус.

Жүргізуші аялдамада арбадағы адам күтіп тұрғанын алыстан көрді. Ол адамға ыңғайлы болу үшін жол жиегіне мүмкіндігінше дәл және жақын тоқтады.

Мен де сол кезде дәл осы аялдамаға түскен едім. Не болатынын көру үшін кідірдім.

Жүргізуші автобустан шығып, ер адамға жақындады. Олар көңілді сәлемдесті. Арбадағы адам жүргізушіге арбаны әкелетін платформаны жеңіл көтеруі үшін бұрағышты ұсынды”, – деді ол.

Қоғам белсендісінің айтуынша, бұл әрекеті айналадағы баршаны сүйсіндірді.



“Жол бойы екеуі де көңілді сөйлесіп, күлімсіреді. Сол сәтте айналамыздағы барлық мәселе сейіліп кеткендей болды. Құдды бүкіл әлем жарқырап кеткендей. Автобуста адамдар бұл ғажайып көріністі жымия тамашалады. Жай ғана қарапайым ғажайып оқиға.

Кез-келген жұмысты жаман немесе керемет көңіл-күймен істеуге болады. Бүгін мен автобус жүргізушісінің баршаның көңіл-күйін көтергенін көрдім. Бұл маған елімізді бұдан да жақсырақ ете алатынымызға үміт сыйлады.

Автобус нөмірі 66, мемлекеттік номері 235CU02, уақыты шамамен 11:10. Оны мақтау арқылы басқаларға үлгі етемін деп үміттенемін. Тек осылай ғана елде мәдениет қалыптасады”, – деді Евгений Мұхамеджанов. 

Осы оқиғадан соң, №66 қалалық маршруттың автобус жүргізушісі Қанат Ахметов мегаполис әкімі Ерболат Досаевтың атынан алғыс алды. Жүргізушіге бағалы сыйлық пен Алғыс хат табысталды.

Фото: gov.kz

"Мен өз жұмысымды тек нұсқаулықта көрсетілген іс-қимылды орындау және қоғамдық көлік жүргізушісі қандай болуға тиіс екенін түсіну арқылы жасадым. Біз жолаушыларды тасымалдап қана қоймаймыз, сонымен қатар күн сайын адамдардың қауіпсіздігі мен жайлылығына мән береміз. Кез келген әріптесімнің осындай игі істі атқаратынына сенімдімін", – деді Қанат Ахметов.

Қанат Ахметов төрт баланы тәрбиелеп отыр. "Алматыэлектротранс" автобусының жүргізушісі болып бір жылға жуық уақыт жұмыс істеп келеді.

Талқылау