Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияда жүріп COVID-ке жарамсыз сақтандыру сатып алған: Қазақстандық әйел сақтандыру ұйымын алдап кетті деп айыптады

НОМАД Иншуранс компаниясынан алынған медициналық сақтандырулар басқа елде жарамсыз болып шыққан. Бұл туралы компанияның клиенті Зарина Әбденова мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл туралы әйел Facebook әлеуметтік желісінде баяндады. Оның айтуынша, бұл жағдай әпкесі екеуінің басынан өткен. 

“Біз басқа елде жүргенде НОМАД Иншуранс қызметкерінен медициналық сақтандыру сатып алдық. Олар сақтандырудың COVID-ке де жарамды екенін, барлық медициналық қызметтерді жабатынын жеткізді. Сіз оны Қазақстанда немесе барған еліңізде сатып алғаныңыз маңызды емес. Біз алдымен Қазақстаннан сатып алдық. Бұдан соң компания қызметкері арқылы болған елімізде 2,5 ай сайын ұзартып отырдық”, – дейді Зарина. 

Ол басқа елде жүрген кезде компаниядан сатып алып, ұзартып отырған медициналық сақтандыруы жарамсыз болып шыққанын білген.

“Бүгін белгілі болғандай, басқа елде компаниядан сатып алынған медициналық сақтандыру және ұзартылған сақтандыру жарамды болмай шықты. Біз қызметкерге қоңырау шалғанымызда ол бір жыл бойы осындай сақтандыруларды сатып келгенін және жақында ғана басқа адамда осындай жағда орын алып, сақтандыруы жарамсыз болғанын айтты. Тек содан кейін ғана ол жарамсыз сақтандыруларды сатып келгенін білген”, – дейді ол. 

Сондай-ақ, әйел басқа елде медициналық сақтандырусыз жүрудің салдарын айтып берді. 

“Достар, мен сақтандырушылардың бізді алдап, ақша жасап отырғандарына таңғалып отырмын! Осыдан кейін қалай ерікті түрде сақтандыру сатып алуға және сақтандыру компанияларына сенуге болады? Мұндай жағдайлар жазасыз қалмауы үшін қайда баруға кеңес бересіздер? Ешкімге медициналық сақтандырусыз (COVID-ке де жарамды) немесе менің жағдайым сияқты, жарамсыз құжатпен жүруді тілемеймін. Өйткені қазір Түркияда бір танысымыз COVID-пен ауырып жатыр. Бір күндік еміне 1000$ тек ауруханаға жатқаны үшін төлеп отыр. Оттегі аппаратына қосылу үшін 3000$ төлейді, тіпті сараптамалар тапсыру да науқастың есебінен жүреді. Ол жерде жатқанына 10 күннен астам уақыт болды. Туыстары ем  үшін пәтерін сатайын деп жатыр”, – дейді әйел. 

Болған оқиғаға байланысты НОМАД Иншуранс компаниясының өкілі түсініктеме берді. 

“Қазақстан Республикасының шетелге шығатын тұлғалардың медициналық шығыстарын ерікті сақтандыру шарттарына сәйкес (ТМС), ТМС полисі шетелдегі (сақтандыру аумағындағы) тұлғалармен жасалмайды. Сонымен қатар TМС полисі сақтандыру аумағындағы тұлғаларға ұзартылмайды. Мұндай шарттар клиенттер тарапынан алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін қарастырылған”, – дейді олар. 

Компанияның хабарлауынша, бұл жағдайда сақтандыру компаниясы тарапынан қателік жіберілмей, ТМС полисі берілген кезде клиенттің қай жерде болғанына қарамастан сақтандыру төлемі жасалатын еді. 

“Бұл мәселе бойынша клиент менеджерге, сондай-ақ сақтандыру компаниясының колл-орталығына жүгінді. Онда оған ережеге сәйкес шетелде жүрген тұлғаларға ТМС полисі берілмейтіні туралы кеңес берілді. Сақтандыру компаниясының атынан сақтандыру шартын ресімдеген қызметкермен түсіндіру әңгіме жүргізілді. Осыған байланысты клиенттен кешірім сұраймыз”, – делінген хабарламада. 

Талқылау