Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басқа амалымыз жоқ": Головкин мен Мурата арасындағы жекпе-жектің мерзімі жайлы жаңа деректер пайда болды

Қазір Геннадий Головкин мен жапониялық Риота Мурата арасындағы кездесу жылдың басты оқиғасы болып отыр. Коронавирусқа байланысты кейінге қалдырылған жекпе-жектің өтетін уақыты белгісіз. Жақында жанкүйерлер күткен кездесу туралы Муратаның командасы өз ойын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Головкин-Мурата

Отандасымыздың суперчемпионға қарсы кездесуі өткен жылдың желтоқсан айында өтуі керек болған. Алайда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Жапония шетел азаматтарының елге кіруіне тыйым салған еді. 

Қазір жекпе-жектің мерзімі туралы ресми ақпарат әлі жоқ. Бастапқыда қолайлы шарттар болған жағдайда кездесуді бірден ұйымдастыратыны жайлы айтылған. Кейінірек DAZN стримингтік сервисінің комментаторы Крис Мэнникс өз болжамын жасаған еді. 

"Бәлкім, Головкин ақпанда немесе наурызда жұдырықтасады. Содан кейін "Канелоның" мамырдағы кездесуінен кейінгі шешімін күтеді", – деді Мэнникс.

Жақында ІВО және ІВF белбеулерін біріктіруге арналған жекпе-жек туралы Муратаның командасы пікір білдіріп, өздеріне қолайлы мерзімді атады. 

"Кездесу сәуір айында өтеді деп мәлімдеуден басқа амалымыз жоқ. Егер тағы да кейінге қалдырылса, Муратаның жұдырықтасуға деген ынтасы болмайды. Ұйымдастыру мүмкін болмаса, мен берілемін", – деді Муратаның өкілі Акихико Хонда. 

Бастапқыда жапондықтар кездесуді ақпан айында өткізбек болған, бірақ елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты шегеруге тура келген. 

Талқылау