Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басын шлакоблокпен ұрған": Шымкентте жаппай төбелестен кейін көз жұмған студент туыстары істі қайта қарауды талап етеді

Шымкентте студент Абзал Өткіровті өлімші етіп ұрып-соғу фактісі бойынша тергеу аяқталды. Материалдар сотқа өткізілді. Алайда қаза болған жігіттің туыстары айыпталушылар әділ жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Студенттің ағасының айтуынша, қазір алты күдіктіге "Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша айып тағылған. Төбелестің тағы бес қатысушысы "Бұзақылық" үшін айыпталуда. Туыстары бұл күдіктілердің жазасын жеңілдетеді деп санайды. Олар "Кісі өлтіру" бабы бойынша істі қайта қарауды сұрайды.

"Бұл жеңіл-желпі баптар. Бұл жігіттер төбелеске баратындарын білді - олар ұрып-соғатындарын білді. Қазір тергеу изоляторында отырған жігіттердің бірі маған шындықты айтуға дайын. Адвокат арқылы ол маған хабарлама жіберді. Ол сол күні қақтығысқа көп адам қатысқанын айтады - 20-25 адам. Тергеу объективті жүргізілген жоқ", - деді марқұм студенттің ағасы Алмас Өткіров.

Айтпақшы, жәбірленуші тарап бастапқыда тергеу барысына наразы болған. Марқұмның ағасы ІІМ мен бас прокуратураға шағым жазғанын айтады. Алайда бұл нәтиже бермеді. Ал қалалық қадағалау органы бұл істің егжей-тегжейін әлі жария етпей отыр.

Еске сала кетейік, мамыр айында бір топ кәмелетке толмаған жастар арасында жанжал болып, төбелеске ұласты. Үш жасөспірім зардап шекті. Солардың бірі - 17 жастағы колледж студенті Абзал Өткіров. Оның басынан шлакоблокпен ұрған. Комада бірнеше күн жатқаннан кейін жігіт көз жұмды.

STAN.KZ
Жұма, 16 Қазан, 2020 07:33
Талқылау