Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басын телефонмен ұрған": Павлодар облысында кәсіпорын директоры әйелін бірнеше жыл бойы тепкінің астына алған

Павлодардағы “Горкомхоз – Ақсу” ЖШС директоры Ринат Ихиенов әйелі мен баласына бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Соңғы рет ұрып-соғу мамыр айының соңында болып, әйел жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото “НеМолчи” қоғамдық қорының желідегі парақшасынан алынған

“НеМолчи” қоғамдық қорының басшысы Дина Таңсәрі дабыл қағып, әйелдің қорға хат жазғанын айтты.

Хатта Ақсу кәсіпорнының директоры Ринат Ихиенов деген кәсіпкер бірнеше жыл бойы әйелі мен баласына зорлық көрсетіп келгені жазылған. Оның полиция мен денсауық сақтау саласында таныстары болған. 26 мамырда бизнесмен әйелін қатты сабаған, басынан жұдырықпен және телефонмен ұрған. Салдарынан жәбірленуші жабық ми жарақатын алып, есінен танып құлайды.

Түнде ер адам ес-түсін білмейтін әйелін ауруханаға апарып, өзінің танысы, полиция қызметкері Арсамак Тохтиевті шақырады. Тохтиев зорлық құрбанына көмектесудің орнына ер адамның жағына шығып, әйелді қайтадан күйеуінің қолына тапсырады. 

28 мамырда полицей жәбірленушіні қорғау ұйғарымын шығарып, 30 мамырда Ринат Ихиеновке тек ескерту береді.



Күйеуі түнде ұрып-соққан әйелін ауруханаға жеткізген, оған миы шайқалған жабық бассүйек-ми жарақаты, бетінің, жоғарғы және сол жақ төменгі жақтарының көгеруі мен сыдырылуы, жақсүйек аймағының шырышты қабығына қан құйылу диагнозы қойылған. Оқиғадан кейін оған ескерту жасалды. Енді әйел өз өмірі үшін қорқады. Павлодар облысының полиция департаменті ұрып-соғу фактісін растады.

“Полиция құқық бұзушымен туыстық қатынаста болған адамға қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін құқық бұзушыны жауапкершілікке тартты. Материал сотта қаралды. Сондай-ақ жұбайына қатысты бір ай мерзімге қорғау нұсқамасы шығарылды”, – деп жауап берді облыстық полиция.

Сонымен қатар ерлі-зайыптының бұдан былай бірге тұрмайтыны, олар ажырасу рәсімінен өтіп жатқаны түсіндірілді.

Еске салайық, 13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шығып, ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды.

Талқылау