Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басын қысып, жіберме деп айтты": Павлодарлық әйел баласының ауру болғанына дәрігер мен перзентхананы кінәлады

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Павлодар тұрғыны Дильназ Ахметбекова қаладағы №1 перзентханада босанған. Дәрігерлер оның "Мен қазір туамын" деген сөзіне мән бермей, баланың басы шығып келе жатқанда "Басын қыса тұр" деп айқайлаған. Кейін ортопед дәрігер баланы тексеріп, босанғаннан кейінгі бас сүйектің деформациясы бар екенін айтқан. Одан бөлек балада бұлшықет дистониясы синдромы, даму тежелуі бар. Әйел баласының қазіргі ауруларының бәрі дәрігерлердің дұрыс босандырмағанынан деп есептейді. Stan.kz ақпарат агенттігі Павлодар облысының Денсаулық сақтау басқармасынан жауап алды.

"Баланың басын қысып ұстап тұр деді"

Дильназ Ахметбекова өзін биыл 16 мамырда босандырған акушер дәрігерді кінәлап отыр. Себебі әйел босанған кезде қасында ешкім болмаған, күйеуі кірейін десе, кіргізбеген. Толғағы басталғанда қатты ауырып, көмек шақырған. Көмекке медперсонал мен дәрігер Жокебаев Орал Сергазыұлы келген. Дәрігер агрессиямен "Неге өтірік айтасың, сен әлі тумайсың" деген, аяғынан 2-3 рет ұрып жіберген, телефонын кереуеттен лақтырған.

"Палатада бір өзім болдым, “мен туып жатырмын” деп үш рет барымды салып айқайладым. Дәл сол кезде ешкім келмеді. Сондықтан ең болмағанда отырып босанып, баланың басын өзім ұстап қалайын деп ойладым. Себебі мен екінші баламды босанып жатыр едім, ал палатада жалғызбын. Дәл сол кезде дәрігер кірді де, мені “жат” деп ұра бастады. Мен оған жылап тұрып, “жатырмын ғой енді, неге ұрасыз” дедім. Сол кезде олар баланың басы шығып келе жатқанын байқап қалды да, "басын қыс" деп айқайлады. Мен "қалай?" деп сұрадым. "Ұстап тұр, жіберме" деді. Дәрігер осы кезде бір реттік жалайықтарды төсей бастады. Қасында екі жас қыз болды, олардың босанудан тәжірибесі жоғы көрініп тұрды. Осындай жайбасарлықтан балам көкпеңбек болып, жыламай, тірі емес сияқты болып дүниеге келді. Сосын оған кеуде массажын жасады, реанимация жасады, балам жылай бастады. Мен баламның даусын естіп, қуаныштан жылап, алғысымды айта бастадым. Дәрігер болса ешқандай да қолдау танытпай, бірден телефонымды алып, өзінің номерін жазып, "Күйеуің келгенде осы номерге ақша жіберсін" деді. Күйеуім келгенде де дәрігер "мен болмасам орны толмас нәрсе болатын еді" деді. Ақшаны міндетті түрде жіберсін дегені ғой", – дейді Дильназ Ахметбекова.

"Босанған күнімді қорқынышпен еске аламын"

Бүгінде ана мардымды жауап ала алмай әлек. Ең сорақысы босандырған акушер жұмыстан шығып, перзентхана жабылып қалған. Қазір ана баласының бірнеше диагнозы бар екенін, үнемі аурухана жаңалап жүргендерін айтып отыр.

"Балам ауру болды әрі өзім де психологиялық, эмоциялық түрде қиналдым. Баламның осындай жағдайды бастан өткергенінен қазір денсаулығында проблемалар бар. Позициялы қисық мойын, бас сүйектің деформациясы, бұлшықет тонусының проблемасы, моторлы дамудың іркілуі, гипоксия. Енді біз көп реттік массаж курсынан өтуге, 2-3 миллион тұратын реабилитация өтуге мәжбүрміз, үнемі дәрігерге қаралуға тура келеді. Бұған дейін осы оқиғаға көз жұмып жүрдім, бірақ қазір тек аурухана шарлап жүрміз. Мен біраз уақыт босанған күнімді қорқынышпен еске алып, ұмыта алмай жүрдім. Сол күні маған дәрігер бір жабайы жануарға қарағандай қарады. Күйзеліс мазалайды, көп алаңдаймын, қазір дәрігерлерге сенуім қиын. Міндетті түрде сотқа жүгінемін, себебі балаға өте көп шығындалып жатырмыз, ал біз әлі оңалудан өтуіміз керек. Қандай жағдай болса да, дәрігер мұның артында қандай проблемалар болатынын біле тұра, босанып жатқан анаға "баланың басын қыс" деп айтуға хақысы жоқ. Одан кейін ақша талап етуге де хақысы жоқ", – дейді ана.

Stan.kz сайты Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдап, перзентхана неліктен жабылғанын сұрады.

"Перзентхана Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының 2025 жылғы 27 мамырдағы № 275- О ШЖҚ "№1 Павлодар қалалық ауруханасы КМК-ның перзентханасын жабу туралы” бұйрығымен жабылды. Павлодардағы Ломова көшесі 47/1 мекенжайында орналасқан ШЖҚ "№1 Павлодар қалалық ауруханасы" КМК-ның перзентханасының ғимараты "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мекемесінің 22.07.2025 жылғы бұйрығымен ШЖҚ "Павлодар облысының хосписі" КМК-нің балансына берілді", – делінген басқарманың бізге берілген жауабында.

"Өзі сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты"

Перзентхана жұмысын тоқтатса да, дәрігер Орал Сергазыұлы бүгінде Ақсу қаласында жұмыс істейді. Бірақ басқарма бұл туралы ештеңе айтпады. Дегенмен Дильназ Ахметбекованың арызымен медициналық құжат зерттелген.

"Тәуелсіз сараптау комиссиясы сарапшыларының қорытындысы бойынша, арызданушының өтінішінде айтылған фактілер объективті түрде расталмаған. Д.И.Ахметбековаға және оның баласына медициналық көмек клиникалық диагностика және емдеу хаттамаларына сай көрсетілді. 08.09.2025ж. "Көмек-109" бағдарламасына осы өтініш түскен кезде пациенттерді қолдау қызметі және дәрігерлік экспертиза басшысы өтініш берушіге телефон арқылы хабарласты. Алайда Д.И.Ахметбекова сөйлесуден үзілді-кесілді бас тартты", – деп жауап берді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасы.

Ал Дильназ Ахметбекова басқарманың бұл мәлімдемесін абсурд деп атады. Оның өзіне де жауап келген. Айтуынша, онда ешқандай нақтылық жоқ.

"Бір ай бойы жауап күттім, бірақ жауаптарында мардымды ештеңе жоқ. Баламның диагноздарына қатысты түк айтпады, ал дәрігердің қарым-қатынасы туралы мүлдем жақ ашпады. Менің түсінуімше, басқарма ешқандай да жұмыс істеген жоқ. Оларға ештеңе болмады деді, олар соны бізге тексерместен жіберді. Бала дем алмай дүниеге келді, шетінеп кете жаздады. Дем алдыру үшін оған бәрін жасады. Ортопед дәрігер баланы тексеріп, босанғаннан кейінгі бас сүйектің деформациясы бар екенін айтты. Одан бөлек балада бұлшықет дистониясы синдромы, даму тежелуі бар. Осы айда Балалардың неврология ауруханасына жатамыз", – дейді ол.

Енді жас ана кәсіби адвокат жалдап, болған жағдайды дәлелдеп шықпақ. Ол сондай дәрігердің жұмыс істеп жүргенін қаламайды.

"Телефонмен сөйлесейік деген әңгіме болған жоқ. Олар маған кел деді. Ал мен олардың не айтатынын, не істеп қоятынын білмеймін, барған жоқпын. Олармен сөйлескім де келмейді, бәрібір ақталатынын біліп тұрмын. Қазір біз бүкіл құжаттарды, тағайындауларды жинап, дәрігермен соттасуға қамданамыз. Кәсіби адвокат іздеп жүрмін, оған төлеу жағын да қарастыру керек. Себебі мен бұл істі бұлай қалдырмаймын", – деп түйіндеді Дильназ Ахметбекова.
Еңлік Сақтан
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 17:33
Талқылау