Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басымды кесіп алсаңдар да көлігімді бермеймін": Қазақстанның түкпір-түкпірінде армян көліктері төңірегінде аласапыран дау басталды

Армениядан жеткізілген көліктер төңірегінде тағы да аласапыран басталды. Өйткені он күннен кейін тіркеліп үлгермеген армян темір тұлпарларына жаппай айыппұл салынады. Ал көліктерін қыркүйекке дейін жеңілдікпен тіркеуге асыққандардың барлығы бірдей автомобильдерін заңдастыра алмай жатыр. Себебі рөлдері оңнан солға ауыстырылған көліктер ереже бойынша мүлдем тіркеуге қойылмайды. Жүргізушілердің тағы бір тобы сары нөмірді алудан үзілді-кесілді бас тартқан. Қазақстан азаматы бола тұра, шетелдіктерге ғана берілетін сары нөмірмен жүрмейміз дегендер үкімет басқа шешім тауып берсін деген талап қойып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды.

"Ақ адал еңбегіммен ақша тауып әкелген көлік, мысалы, сонымен нан тауып отырмын. Ал менен көлікті тартып алсаңыздар не істеймін, менің басымды кесіп алсаңыздар да бермеймін", - деп наразылықтарын білдірді армян көліктерінің иелері.

Атыраудағы армян көліктерінің иелері қыркүйекке дейін шетелдік көлікті тіркеуге шектеулі уақыт қалғанын айтып, дау шығарған. Оң жақ рульге ауысқандар, одан кейін Қазақстанға айдап әкелгеннен соң көлік иесі қайтыс болғандар темір тұлпарын тіркей алмай сенделіп жүр. Полицейлер Армениядан әкелінген бір-ақ рулі ауысқандарды тіркемейміз дейді. Алайда, кейбір көліктер тіркеліп жатыр деп ашулы жүргізушілер.

"Мерс тұр ғой жанымызда, сол да әкелінген, олардың техпаспорттарының артында 17 сан бар, оларда да Арменияда жасалған. Кейбір жасалған машиналарда 10-12 цифр. Ол Арменияның қателігі ма, білмеймін. Мерстер тіркеледі, ал басқа әкелінген машиналар тркелмейді. Ол қалай?", - деді жүргізуші Төлеген Серікбаев.

Полицейлер үкімет қаулысына сәйкес көліктерді тіркеу 1 қыркүйекте аяқталады, ал бұл мәселені шешу біздің құзіретімізде емес дегенімен жүргізушілер арызды министрлікке жеткізіп, заңдастыруды талап етті. Полицейлер "енді қайтеміз" деген шарасыз жүргізушілерге "көлікті қоқысқа тастайсыздар" деп ашындырды.

Полицияның мәліметінше, Атырау облысында әлі 3000-нан астам армян көліктері тіркелмеген. Жүргізушілер бұлардың бәрі рулі оң жақтан ауысқандар дейді. Армениядан көлікті жағдайы барлар әкелмейді, жиған-тергенімізді сарп етіп әкелген машинаны айып тұрағына қойса, қарап отырмаймыз дейді ашулы жүргізушілер. 

Ал Қызылордада 220 тұрғын Армениядан әкелген көліктерін тіркеп үлгерген. Алайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуге кейбір көлік иелері қарсылық білдіріп отыр. Өйткені, қазір шетелдік көлікті тіркегенімізбен, алған сары нөмірмен қанша уақыт жүретініміз белгісіз, дейді олар. Айтуларынша, тіркеу кезінде берілген қазақстандық құжатты тек уақытша пайдалануға рұқсат етілген. Сондықтан, айналып келгенде үкімет көлігіміздің бағасынан 2-3 есе көп ақшаны түбі төлетпекші деп наразы. 

"Шетелдік азаматтар жүреді біздің елде сары нөмірмен. Біз өз елімізде сары нөмірмен жүруге де қарсымыз. Ең басты мәселе түс емес, әрине, қаулының ішіндегі мәнісі", - деді жүргізуші Аман Нәбиев.

Маңғыстау облысында да осындай 1000-ға жуық көліктің иелері темір тұлпарын заңдастыра алмай жүр. Өйткені олардың рульдері оңнан солға ауыстырылған. Сондықтан сары нөмір берілмепті.

"Оңды, қазір солды болған машиналарға рұқсат бермей жатыр. Мен бір-екі рет кіріп, сұрап шықтым, не мәселе деп, нақты жауап бермейді. 500 мың бер, миллионға дейін сұрайды, істеп берем деп әртүрлі хабарламалар келеді", - деді жүргізуші Нұржан Шамдығұл.

Қарағанды облысында 717 көлік Армениядан әкелінген, оның ішінде 186 рулі оң жақты көлікке тіркеуге рұқсат берілмеді. Сондықтан олар айып тұрағына қойылды дейді тәртіп сақшылары. Қазір 355 көлік тіркеуден өтіп, сары нөмірге ие болды. Полицейлер 1 қыркүйекке дейін тіркеліп үлгермегендерге 27 780 теңге айыппұл салынатынын еске салды.

Айта кетейік, ақпаннан бері ел аумағына кірген көліктерге бұл ереженің қатысы жоқ. 

STAN.KZ
Жұма, 21 Тамыз, 2020 09:00
Талқылау