Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәсекелестікті қорғау агенттігі "Яндекс.Таксиге" қатысты істің бірі не себепті тоқтатылғанын түсіндірді

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі “Яндекс.Такси” сервисіне қатысты тергеудің бірі неліктен тоқтатылғанын түсіндірді. Агенттік мәліметінше, соттың мұндай шешім шығаруына 2022 жылдың тергеуге дейінгі кезеңіне жасалған сараптаманың болмауы себеп болған, деп Stan.kz ақпарат агенттігі.

яндекс

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қалалық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің 2022 жылғы тексерілетін кезең бөлігіндегі бұйрығының ішінара күшін жою туралы шешімін жариялады.

“Сонымен қатар “Яндекс.Такси” үлесі Алматы қаласы бойынша 2020 жылы – 83,78%, 2021 жылы – 84,34%, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында – 95,3%-ға тең болды. Астана қаласы бойынша 2020 жылы үлесі 60,7%, 2021 жылы 67,3%-ға тең. Яндекс.Таксидің бүгінгі жағдайы оның 2 жыл немесе одан да көп уақыт ішінде тұрақты өсуін көрсетеді. Бұл нарықтағы жалпы жағдайды бақылауға және айтарлықтай әсер етуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада. 

Бүгінгі таңда “Яндекс.Такси” комиссиясы 17%-ға тең. Ал сервис бәсекелесінің ең жоғары нарықтағы комиссиясы 12,5% ғана. Сондықтан “Яндекс.Такси” комиссиясы нарықтағы ең жоғарғы көрсеткіштен 36% көп. Айта кетері, Алматы қаласы бойынша бәсекелес сервис бәсекелесінің үлесі 2020 жылы 0,6%, 2021 жылы 0,3% ғана болған. 

“Бұдан бөлек жүргізушілерден серіктес такси парктері тағы 4% комиссия алады. Сәйкесінше бұл Қазақстан Республикасында жол жүру құнының жалпы қымбаттауына әкеліп соғады. Сот өз шешімін түсіндіру кезінде Яндекс.Такси тарапынан заңнаманы бұзу белгілері барын расталғанын келтіріп, уәкілетті орган тиісті талдау жүргізілгеннен кейін 2022 жылғы қызметі үшін тергеу ашуға құқылы деді”, – делінген хабарламада. 

Алдағы уақытта монополияға қарсы орган әрі қарай да тергеу жүргізеді. Бүгінгі таңда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі “Яндекс.Таксидің” 2022 жылы монополиялық жоғары бағаларды белгілеу тұрғысынан әрекеттерін талдауда.

“Яндекс.Таксиге” қатысты тергеуді бастауға клиенттердің компания белгілеген жоғары бағаға, ал жүргізушілердің комиссия көлемімен келіспейтіндіктері туралы шағымдары себеп болған. 

Еске салайық, бұған дейін “Яндекс.Такси” компаниясының қызметіне қатысты бір айыптау ісі тоқтатылып, екіншісі сотта қаралып жатқаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау