Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтері бойынша жұмыс жүргізіп жатыр

Фото:gov.kz
Бас прокуратура Болат Назарбаевтың ұлы және Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Нұрбол Назарбаевтың активтеріне қатысты жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға жауабында мәлімдеді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 қыркүйекте Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтады. Сонымен бірге, айтуынша, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынған.
“Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды. Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе атышулы "Алтын орда" базарына қатысы жиі сөз болады. Алайда аталған нысандардың жоғарыда тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады", – деді депутат.
Бас прокуратурдың жауабында айтылғандай, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңын (бұдан əрі - Заң) іске асыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мəселелері жөніндегі комиссияның (бұдан əрі - Комиссия) шешімі бойынша бүгінгі күні 1,3 трлн теңге көлемінде шаралар қабылданды. Заң субъектілерімен жасалған келісімдерге сəйкес мемлекет пайдасына ерікті түрде шамамен 750 млрд теңге қаражат аударылып, 103 млрд теңгеге мүлік заттай түрде тапсырылды.
Сонымен бірге 112 млрд теңгеге активтерді мемлекет пайдасына мəжбүрлі түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.
"Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс нəтижелері заңмен қорғалатын құпияны сақтау талаптары ескеріле отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып отырады. Заң шеңберіндегі жұмыспен Сіздің сауалыңызда көрсетілген тұлға да қамтылған. Дегенмен, Заңның 8-бабының 3-тармағына сəйкес активтерді қайтару жөніндегі уəкілетті орган жəне Комиссияның мүшелері алынған мəліметтердің сақталуын жəне құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті. Сіз көрсеткен ақпарат активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау жəне оларды қайтару барысындағы жұмыста ескерілетін болады", – делінген Бас прокурор жауабында.
BI Group жалдаған компания жұмысшыларына еңбекақысын төлемеді деп айыпталды