Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас прокуратура Алматы және 5 облыстың экология департаменттері басшыларын жауапқа тартты

Бас прокуратура Алматы қаласы және Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Павлодар облыстарының экология департаменттерінің басшыларын жауапқа тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бас прокуратураның мәліметінше, соңғы кездері қазақстандықтар тұрмыстық және өндірістік қалдықтар елді мекен маңына заңсыз төгілетінін айтып, жиі шағымданады. Осыған орай, Бас прокуратура уәкілетті органдардың табиғатты қорғау саласында экологиялық заңнамалардың сақтауына тексеру жүргізген.

"Прокурорлар кәсіпорындардың өндірістік қалдықтарды өңдеусіз рұқсат етілмеген жерлерге төккені туралы 43 фактіні тіркеді. Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты экологиялық тұрғыдан рұқсаты жоқ кәсіпорындарға 150 мың тоннаға жуық қауіпті қалдық өткізген. Ал кәсіпорындар сол қалдықтарды өңдеусіз қаладағы бос жатқан жерлерге тастаған", - деп хабарлады ведомство.

Бүгінгі күні кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапқа тартылды. Олардан 80 млн теңгеден астам шығын өндірілді. Оған қоса, зауыт қоршаған ортаға эмиссия түрінде 1 млрд 600 млн теңге төлейді.

Сондай-ақ, Бас прокуратураның мәліметінше, елімізде рұқсат етілмеген полигондар да азаймай отыр.

"Қазақстан Ғарыш Сапары" мекемесінің ғарыштық бақылау нәтижесіне сәйкес, өңірлерде жыл сайын 9 мыңға жуық жаңа полигон анықталады.

Мысалы, Алматы қаласының прокуратурасы Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарынан 17 коммуналдық және өндірістік қалдықтар көмілген жерді тапқан. Қазіргі кезде прокуратураның талабы бойынша қоқыс полигондары жойылды.

"Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы бойынша экология департаменттерінің басшылары, сондай-ақ профильді министрліктің лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.

Табиғат қорғау инспекторлары бюджетке 33 млрд теңгеге жуық экологиялық шығын, сондай-ақ 12 млрд теңге әкімшілік айыппұл өндірді.

Бас прокуратура үкіметке заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізді.

 

Талқылау