Бас полицей Қасымов «Қашқын министрлердің» жарысында бірінші орын алды
Үкімет қабырғасында ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов соңғы күндері көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берудің орнына сытылып қашып кетті.
Фото: Forbes.kz
Бұл туралы “Евразия” арнасындағы күнделікті 18:00-де болатын “Басты жаңалықтарда” айтылды.
Сұхбат бермей, теріс айналатын шенеуніктер жайлы не білесіз? Біз сұхбат беруден жалтарған ақ жағалыларды жамандаудан, қаралаудан аулақпыз. Бірақ орын алған жайттарды жіпке тізіп, жұрттың есінде қалған ТОП-бестікті топтап көрмекпіз.
Бесінші орында “Самрұқ Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шүкеев. Өткен жылы ұлттық қордағы директорлар кеңесінің мүшелері 90 млн тг бонус алыпты деген ақпаратқа қатысты қарша бораған сұрақ оған ұнамады.
Төртінші орын қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа тиесілі. Былтыр мамыр айында Панамада жария болған офшор тізімінде қазақстандықтардың да есеп шоты бар деген ақпарат дүңк ете қалды. Кімдер олар деп қаржы министріне бардық. Елдің бас қаржыгері қиын сұрақтың “оңай” жауабын тапты.
Үшінші орын. Ерлан Сағадиев. Білім министрі осы лауазымға келгелі бұқараның сынына ұшыраумен келеді. Оқулықтар сапасы мен тапшылығы, тест сұрақтары, қыл аяғы оқушылардың уланып қалу фактілері сияқты сан сұрраққа бір жауап. Қашып құтылу.
Екінші орында мәдениет саласының тізгін ұстары Арыстанбек Мұхамедиұлы. Жауаптан жалтарудың қаншалықты мәдениетке қайшы екенін министр мырза біле ме, білмей ме ол өзіне аян. Былтыр оның басы біраз дауға қалды. Бірақ министр мойымақ емес.
Бірінші орын. Қалмұхамбет Қасымов.
Елдің бас полицейі қылмыскерлерді қуып қолға түсіруден бәлкім өз ісінің шебері де шығар. Бірақ журналистерден қашуға келгенде, генералға тең келер ешкім жоқ. Ақ жағалылардың ақпарат құралдары өкілдеріне алабөтен қарауларына не себеп? Медиа саланы зерделеп отыратын мамандарды сөзге тарттық.
“Сауатсыздық. Өздерінің жасап жүрген жұмыстарын білмей жүргендіктен, сұрақ қойса жауап бере алмай қаламын деп. Екінші себебі олардың бастығы өзінің орнынан айрылып қаламын деп, жауап бермеңдер, журналистерден қашыңдар немесе менсіз жауап бермеңдер деген сияқты бұйрық береді”, – дейді “Әділ сөз” халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының сарапшысы Ғалия Әженова.
Тағы бір себеп, журналистердің өздері. Олардың кәсіби біліктілігі.
“Кейде бүкіл мән мәтінінен үзіп алып, бір жағын ғана көрсететін жағдайлар болады. Бірақ енді ол да барлық журналистердің тарапынан емес қой. Кейбір осындай кемшіліктері бар журналистер болады. Солардың кесірінен бүкіл журналистердің бәрі сондай деп ойлау деген дұрыс емес деп ойлаймын”, – дейді Әженова.
18 жылдан артық Үкімет пен Парламент қабырғаларынан ақпарат таратып келе жатқан сақа тілші Әселім Әбелдинованы сөзге тарттық. Айтуынша қашу үрдіске, тіпті дәстүрге айналған. Журналистен үздік үштік.
“Ішкі істер минстрі қалмұханбет Қасымов. Қашатын министрлердің ішінде ең бірінші орын алады ол кісі. Одан кейін кейінгі кезде ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қосылды оның қатарына. Данияр Ақышевтің соңғы кезде қашқыш болып жүргені БЖЗҚ проблемалар туындағалы ол кісіні ұстау қиын қазір. Одан кейін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Ол кісі де қашатын министрлердің бірі. Себебі өзің білесің, білім саласында проблема шаш етектен”, – дейді журналист.
Шенеуніктердің журналистерден жиі қашуы тіпті президенттің де сынына арқау болды былтыр. Қалыптасқан қашу үрдісіне бей-жай қарай алмаған астаналық блогерлер шашасына шаң жуытпайтын шенеуніктер жайлы ролик те түсірді.
Оқи отырыңыз:
Елбасы Татарстанға сіңірген еңбегі үшін орденмен марапатталды