Бас мүфти: Біз – қарияның дуалы сөзіне қарсы уәж айтпаған халықпыз
Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз жастар теріс ағымға түсіп кетпеуі үшін ақсақалдар институтын жаңғыртып, тарихқа тереңірек үңілуге шақырды. Сондай-ақ, ол мешіт имамдарының жыл сайын жарты миллионнан астам адамды теріс жолдан сақтандыратынына тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
– Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, Сіз жуырда өткен Қазақстан дінтанушылар форумында имамдар қызметін археологтың жұмысымен байланыстырып, баяндама жасадыңыз. Осы жайтты жан-жақты түсіндіріп берсеңіз...
– Расында, дін – нәзік сала. Өйткені, адам баласы иманға жүрек қалауымен келеді. Ал дұрыс сенім – парасат пен прогресске, өркендеу мен көркем мінезге, игілік пен ізгілікке бастайтын қуатты күш. Иә, жуырда өткен форум тақырыбы оңалту жұмыстарын жүргізуде дінтанушылар рөлі туралы болды. Осы форумда баяндама жасағанда бірқатар мәселенің басын ашып айттым. Шынтуайтында, дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі бейнебір археологтардың жұмыс бағытына сәйкес келетін аманаты үлкен сала
Нәзік саланың мамандары, яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп жасайын десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат. Рухани мұраны аршып-алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдармен жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндермен, яки айлармен түзете алмайсың. Имамдармен жиі болатын жеке кездесулерімде «деструктивті ағымдағы азаматтарға түсіндіру жұмыстарында терапевтің тәсілін қолданыңдар» деп бағыт-бағдар беретінім сондықтан. Расында, сана түзелсе – адам түзеледі.
– Имамдардың айлығы оның қай өңірде қызмет еткеніне байланысты өзгере ме?
– Имамдарға берілетін жалақы 4 категария бойынша жүзеге асады.
Олар – облыстық мешіт, қалалық мешіт, аудандық мешіт және ауылдық мешіт. Облыстық мешіттегі қызметкерлер жұмыс жүктемесіне байланысты 100 мың теңге алады. Ал қалалық мешіттегілерге тағайындалған жалақы – 70 мың. Аудандағы имамдар 50 мың теңге алады. Ал ауылдағы дін қызметкерлеріне 30 мың теңге жалақы тағайындалған.
– Оларға берілетін қаржы қайдан келеді?
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанында «Зекет» және «Қажылық» қоры бар. Осы қордың және мешіт шығындарынан (коммуналдық төлемдер) артылған қаржы есебінен айлық беріледі. Болашақта барлық имамды жалақымен қамтамасыз ету туралы мәселе жоғары деңгейде қарастырылып жатыр. Алладан осы бастаманың нәтижелі болуын тілейміз.
Қоғамның ағартушы тобына жататын имамдардың жанқиярлық қызметін ескеріп, оларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау жасау – діни саладағы басты мәселенің бірі деп айтар едім. Әсіресе, 100-ге жуық түзеу мекемелерінде жұмыс істейтін дін қызметкеріне тұрақты жалақы тағайындалса деген тілегіміз бар. Бұл адам тағдырына жуапкершілікпен қарап, есеп үшін емес, елдің игілігі жолында қызмет етіп жүрген дін қызметкеріне көрсетілген қамқорлық, әділ баға болар еді.
– Сөз арасында: «Сана түзелсе – адам түзеледі», – деп қалдыңыз. Деструктивті ағымның арбауында кеткен азаматтардың санасын түзеуде біз қандай тәсілді қолдануымыз тиіс?
– Діни салада бірнеше жыл еңбек өтілі мен тәжірибесі бар азамат ретінде айтайын: оңалту жұмыстарында тиімді тәсілдің бірі де бірегейі – оның қуанышы мен қиындық сәттерінде бірге болу. Сұхбаттасу тәсілі достыққа жетелейді.
Мұны психология ғылымы «сұхбаттасушының жағдайына ену» деген ұғыммен түсіндіреді. Ал Ислам діні бұдан да биік көркем амалға үндейді. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмін өзіне қалаған игі жақсылықты өзге адамға қаламайынша, шынайы иманмен қауыша алмайды», – деген.
Қостанай облысында бас имам болып қызмет етіп жүргенде деструктивті ағымға алданған азаматтарға моралдық һәм материалдық тұрғыдан жүйелі түрде көмек көрсеттік. Жанашырлық сезім нақты амалмен үйлеспесе – нәтиже бермейді.
Имамдардың тілеулестік ниетін таныған сол азаматтар қатарымызға қосылып, радикалды райынан қайтты. Осылайша, сұхбаттастық – достыққа, достық қатынас – бауырмалдық байланысқа ұласты. Пайғамбарымыздың: «Кісі өз досының дінінде», – деген сөзінде үлкен мән жатыр.
Оңалту шараларына қатысты тағы бір тәсіл – тарихпен тәрбиелеу. Тарих дегеніміз – адамзатттың қоғамдық жады, өзін-өзі тануы, өткен өмірдің санада жаңғыруы. Ғұламалар: «Адам ойын оятқың келсе – оның тарихын оят», – деген тәлімді сөз айтқан.
Діни басқарма «Дін және тарих тағылымы» игі бастамасын одан әрі жаңғыртып, жамағатты тарихтан алар сабақтармен сусындатып келеді. Салт пен тарихи санаға, әдет пен ғұрыпқа шекеден қарап, теріс көзқарасқа алданған діни ағымдар үшін арнайы жобаны қолға алдық.
Мақсатымыз – деструктивті ағым өкілдерінің тарихи әрі киелі жерлерге сапарын ұйымдастырып, тарихи санасын жаңғырту. Жуырда Ақтөбеден арқа төсіне келген біртоп жамағатпен жүздесіп, бірнеше сағат сұхбаттастым. Елдік мұрат, тарихи сана, бірлік пен бейбітшіліктің қадірі туралы дәріс оқыдым. Емен-жарқын әңгіменің нәтижесінде олар да өз ойын ортаға салып, пікірлеріміз бір арнаға тоғысты. Шынтуайтына келгенде, кешегі батырлар мен ізгілердің ізін басқан ұрпақ ата салтын сақтап, дәстүрлі діннің құндылықтарын өмірінің темірқазығы етеді. Сондықтан болар, имандылық бастауы болған ұят, ар-намыс, обал, сауап, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет сынды ұғымдар халқымыздың өмір салтында ғибратты ғұрыпқа айналды.
Осы ретте ақсақалдар институтының да рөлін күшейту – маңызды мәселенің бірі. Біз – қарияның дуалы сөзіне қарсы уәж айтпаған халықпыз. Бұл – санаға сіңген салтымыз. «Қой дейтін қожа» бола білген қаншама қарияларымыз жат ағамға кеткен жастарға насихат айтып, тәрбиесін түзеп келеді. Осы бағытта облыстық мешіт жанындағы ақсақалдар алқасы мен ауыл, аудандағы билер кеңесі үлкен құрал бола алады.
Бүгінде білімі мен тәжірибесі толысқан имамдардың тынымсыз еңбегінің арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат деструктивті ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің күнделікті сан-салалы қызметі барысында басты 4 бағыт бойынша жұмыстарының бірі ретінде деструктивті ағымдарға түсіндіру шараларын бір сәтке де тоқтатпайды.
– Сайтымызға арнайы сұхбат бергеніңізге рақмет