Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас мемлекеттік еңбек инспекторы адам өліміне әкелетін төтенше жағдайлар қай өңірде көп тіркелгенін айтты

Биыл 175 жұмысшы кәсіпорында қаза тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2%-ға көп. Ал, жарақаттанудың ең жоғары деңгейі Қарағандыда тіркеліп отыр. Өңірде  ауыр еңбек жағдайында 133 адам зардап шеккен. Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов осындай дерек келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 834 тексеру жүргізді, оның барысында 8 936 бұзушылық анықтаған. Оның ішінде: еңбек саласында – 6 600; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 094; халықты жұмыспен қамту бойынша – 242. Жұмыс берушілерге 3 741 ұйғарым берілді және шамамен 339,5 млн теңге сомаға 2 046-дан астам әкімшілік айыппұл салынды.

“2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 1 119 адам зардап шекті, бұл былтырмен салыстырғанда 0,4 %-ға төмен (2022 жылы – 1 123 адам), оның ішінде 175 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға көп (2022 жылы – 156 адам). Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (133 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (93 адам), Абай (95 адам), Павлодар (92 адам), Қостанай (75 адам) облыстарында және Алматы қаласында (74 адам) сақталып отыр”, – деді Төлеген Оспанқұлов.

Комитет басшысы атап өткендей, экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында – 18,1% және құрылыс саласында – 10,5% байқалады. Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің жоғары деңгейі Қарағанды (61 301 адам), Павлодар (45 679 адам), Шығыс Қазақстан облыстарында (26 668 адам) байқалады.

“Еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2022 жылы еліміз бойынша 680 мың жұмыскер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 207 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 29 %-ға артық”, – деп хабарлады комитет төрағасы.


 

Талқылау