Бас қосқанына жарты ғасыр болған Димаштың ата-әжесі алтын тойын жасамақ (фото)
Әлемдік деңгейдегі мегажұлдызға айналған Димаштың ата-әжесі Құдайберген аға мен Миуа апайды бүгінде күллі Қазақстан біледі. Қоғамдық орындарда кездесіп қалған жұртшылық ілтипат көрсетіп, бірге суретке түсіп, автограф алып жатады.
Биыл олардың бас қосқанына жарты ғасыр болды. Бақытты жұп алдағы жексенбіде алтын тойын атап өтпек. Біз той иелерімен кездескен едік, деп жазады Ақтөбе газеті.
156-асханадағы салтанат
Тағдыр бала Құдайбергеннің маңдайынан сипай қойған жоқ. 9 жаста әкеден, 16 жаста шешеден айырылды. Бірақ, шүкір, далада қалған жоқ. Ағасы Аязбай Төлеубаев бозбаланы өз қолына алды. «Сені маған әкем аманаттап кеткен…» дейтін ақпейіл аға қамқорлығын аяған жоқ. Кей тұста тіпті өз балаларынан артық көретін сықылды еді. Мектеп бітірген кезде жүргізушілік курсқа жаздырды. Негізі 18 жастан бастап оқитын курсқа бұл 17-інде ілікті. Тексеру жүріп, шығарып тастаған кез де болған. Жұртпен тіл табысқыш, пысық аға бұны қайта орналастырды. «Жұртқа 1941 емес, 1940-ыншы жылы тудым де…» — деді аға ауылға кетіп бара жатып.
Курсты бітіргесін сол кездегі Жұрын ауданының «Темір» кеңшарында жүргізуші болды. Сол жерден әскерге аттанып, үш жыл керзі етік киді. Келгесін Ауыл шаруашылығы институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне түсті. Ол кезде емтиханды Ақтөбеден тапсыратын. Студент қатарына қабылданғанда қатты қуанған. Тілеулес аға-жеңгенің шаттанғаны бөлек әңгіме.
Ару қала — Алматыдағы қызыққа толы күндер өтіп жатты. Қасындағы кіл Семейдің жігіттері еді. Соған орай, араласатындары да кіл шығыстың жігіт-қыздары болды. Әрине, Абай елінің әдемі бойжеткендері көп қой, бірақ бұл іштей «Өзіміздің Ақтөбенің қызы кезіксе ғой…» деп армандайтын. Сол ойын айтып та жүретін. Бір күні КазПИ-де оқитын шығыстың қыздары сүйінші-хабар жеткізді. Бірінші курста оқитын екі Ақтөбенің қызы бар екен. Жатақханада тұрады. Барды. Көрді. Ізетпен амандасқан әдемі қараторы қыз жүрегін дір еткізді. Есімі — Миуа. Шалқар ауданы Сарыбұлақ кеңшары Алақозы ауылынан екен. География-биология факультетінің 1-курс студенті. Сол жылы конкурс қатты болып, бір орынға 8 талапкер таласқан. Сондай мықты сыннан сүрінбей өтіпті.
Енді педагогикалық институттың жатақханасын жиі жағалайтын болды. Қол ұстасып, жиі қыдыратын. Театрға көп баратын. Барынша адал, интеллигент жігіт Миуаға да ұнаған. Ақыры 1967 жылы бас қосуға ниет етті. Ауылдан Аязбай ағасы хабарласып, тойды 5 желтоқсанға қоюды нықтап тапсырған. Аға ниеті дұрыс, 5 желтоқсан — Конституция күні. Сол тұстағы ең мықты мереке!
Қарашаның аяғында КазПИ-дың жатақханасында қыз ұзату рәсімі өтті. Жас жұбайлар пәтерге орналасты. Тульская, 23. Отбасылық өмірді бастаған осы мекенжайды олар ешқашан ұмытпайды. Тоғыз шаршы метрлік аядай ғана бөлмеде тұрды. Қонақ келгенде үй иесіне шарап алып беріп, көңілін табатын да, залын жалға алатын.
… Ауылдан Аязбай аға келе алмайтын болды да, той 1968 жылдың 6 қаңтарына белгіленді. Сол күні Алматыдағы Тастақ аталатын жердегі 156-асханаға студенттер тайлы-таяғы қалмай жиналды. «Өміршең біздегі ұлы махаббаттар, Ішінде боз көйлектің бүршік жарған…» — деп Төлеген ақын айтпақшы, материалдық құндылық алға шыға қоймаған кез ғой, жас жұбайлар өз тойларына… автобуспен жеткен. Иә, көпшілік мінген автобуспен. Ол кезде қалыңдықтың көйлегінің етегі қазіргідей жер сызып жатпайтын. Көркем жігіт пен той көйлегінің сыртынан пальтосын желең жамылған әдемі қалыңдыққа қоғамдық көліктегі жандардың бәрі де бақыт тілеп еді…
Той өте көңілді өтті. Ауылдан келген аға-жеңге, қалыңдықтың туыстарын есептемегенде, негізгі қонақтар — студенттер еді. Бәрін ұйымдастырған да солар. Жар-жар айтудан басталған той таңға дейін жалғасты. Ауыл шаруашылығы институтының жігіттері ҚазПИ-дың аруларының алдында бар өнерлерін көрсетіп бақты. Болашақ мұғалімдер де құрбыларының тойында гүл-гүл жайнады. Ән салып, би биленді. О, ол кездің билері қандай, шіркін!
Таң атқан кезде жас жұбайлар қошеметшіл топтың ортасында жалдаған пәтерлеріне бара жатты. Трамваймен…
36 шаршыметрлік жылы ұя
Сол жылы бұл диплом алды. Келіншегі 3-курсқа көшкен. Үздік студент. Факультеттің беткеұстары. Демек, ол оқу бітіргенше, Алматыда қалу керек. Кейіпкеріміз бірден ауыл шаруашылығы министрлігіне тартты. Ол жердегілер де жас жігітке ыңғай танытып, қала маңындағы «Ақсай» кеңшарына жолдама берді. Тіпті келесі жылы министрлікке де шақырып қалармыз десті.
Көңіл тоқ еді. Жұмыс бар, келіншегі қасында. Тек жұмысқа кірісу керек…
Сол кезде ауылдан артынып-тартынып жеңгесі жеткен. Аға сәлемін ала келіпті: «Елге қайтсын!». Ол кезде аға сөзін екі ету ойға да кіріп шықпайтын. Дереу жолға жиналды. География-биология факультеті маңдайалды студентінен айырылғысы келмей, бұлар біраз әуреге түсті…
Аязбай аға Жұрында қайтадан той жасады. Бұл — кеңшардың машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, келіншегі мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрды. Көп ұзамай тұңғыштары — Гүлзира дүниеге келді. Аға-жеңгесінің 36 шаршы метр үйінде 11 адам тұрды. Бірақ, жарықтық, аға-жеңгесінің көңілдері кең еді. Үйдің тарлығы білінбейтін.
Бірнеше айдан кейін кеңшардың бас инженері болып тағайындалған Құдайберген Айтбаевқа бұрынғы бас инженердің тұрған үйі тиесілі еді. Әлдеқайда кең, ауласы да үлкен сол шаңыраққа бармаймын деген жоқ-тын. Бірақ ағаның көңіліне қарады. Ол кісі де ештеңе дей қоймады. Ақыры сол 36 шаршы метр үйде қала берді.
Тек бірнеше жылдан кейін ғана аға-жеңгенің рұқсатымен басқа үйге шықты. Өзі мектепте директор болып істейтін Аязбай ағасы келінінің оқу бітіріп алуына барлық жағдайды жасады. Гүлзираның артынан Қанат, Нұргүлдер дүниеге келді.
Сол жылдарда аудандық комсомол комитетінің хатшысы болу жөнінде ұсыныс түсті. Бармады. Облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы етіп шақырды. Жылы орнын суытпады. «Жаңажол» кеңшарына директор болу жөнінде ұсыныс түскенде де бас тартқан. Бұл кезде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері еді. Бірақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бұл жолы бұлтартқан жоқ.
Барғысы келмеген себебі бар еді. Қиындау кеңшар болатын. Ауданға арыз-шағым көп түсетін. Барын салып жұмыс істеді. Жұртшылықпен тіл табысты. «Арыз да көшеді екен-ау…» — деген бірінші хатшы. Арыз-шағым күрт тыйылғанына риза болғандағы кейпі. Аудандық «Казсельхозтехника» автобазасының директоры, ауылшаруашылық басқармасының бас инженері болғанда да бұл кісінің артынан сөз ерген жоқ.
Манарбек қалай Димаш болып кетті?
Құдайберген аға мен Миуа апа бала тәрбиесіне қатты қараған адамдар. Жо-жоқ, ұрып-соғу, айқайлау дегенді айта көрмеңіз. Бетінен қаққан емес. Бірақ тым еркелеткен де жоқ. Сондықтан да олар еңбекпен келген нанның ғана дәмді болатынын біліп өсті. Қанат кішкентайынан техникаға әуес болды. Көлікті шашып, жинай беретін. Радиотехникаға, фотоға түсіруге құмар болды. Мектептегі күллі шараны өз фотоаппаратына түсіріп, оны шығарып, таратып жүретін.
…Қанат үйленгенде бұлардың төбесі көкке жетті. Еліктің лағындай әдемі келіндерін көріп бір қуанса, құда-құдағайларының орнықты адамдар екенін көріп тағы шаттанды. Әжесінің бауырында өскен, көпшіл Света да бұл үйге бірден сіңіп кетті. Ата-енесінің бабын тауып, қайын апасы мен қайын сіңлісінің сырласына айналды.
«Келіндерің босанды…» деген хабарды естігенде, әбден естері шықты. Құдайберген аға дереу Ақтөбеге аттанды. Қанатты ертіп, бала күннен бері бірге келе жатқан досы Бақтығали Сандыбаевтың үйіне қонды. Таңертең досының шешесі Дәнекер:
- Ай, Құдайберген, баланың атын кім деп қоймақсыңдар? — дегені. Өзі тоқсаннан асқан, сөзі келісті, айбынды кісі еді. Әрине, мұндайда адам ат қамдайды ғой. Бұл өзінің студент кездегі досы Манарбектің құрметіне немересіне соның есімін бермек болған. Үй іші де қарсы болмап еді. Бірақ үлкен кісіні сыйлап, әліптің артын бақты.
- Таң ата түс көрдім, — деді қария бұл үндей қоймағасын, — бір ақ сақалды кісі Құдайбергеннің немересінің атын Мұхаммед деп қойыңдар деп аян берді. Ендеше, баланың аты Мұхаммед болсын!
- Жарайды, апа, солай болады, — деді бұл. Қатты толқып еді.
Бақтығали досы су жаңа Волга әзірлеп отыр екен. Ұлы мен келінін, жаңа туған нәрестені алып, Ембіге тартты. Дастарқан басында Дәнекер ананың тілегін жеткізді. Ешкім қарсы бола қойған жоқ. Тек Қанат ақыл қосты: «Ардақты Пайғамбарымыздың атын алып жүру қиындау болар. Дінмұхаммед не Нұрмұхаммед деп атасақ қайтеді…». Рас-ау. Димаш атасындай болса, не арман бар? Сонымен жас сәбиге Дінмұхаммед деген ат берілді. Әрине, ол кезде Димаштың аты кейін күллі әлемді шарлайтынын ешкім білген жоқ.
Димаш дүниеге келгенде Қанат жас маман, Света студент еді. Құдайберген аға ол кезде Ембідегі №18 кәсіптік-техникалық училищенің директоры болатын. Миуа апа 47 жасында зейнетке шыққан. Екеуі ақылдаса келе, балалардың қасына бару керек деп шешті. Ақтөбеге көшіп келіп, Құдекең «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ына жұмысқа орналасты. Миуа апа бар уақытын немересіне арнады. Бес жасынан бастап, автобуспен музыкалық мектепке апарды. Кейін мектепке барғанда атасы апарып-алып келіп жүрді. Димаш бұларды папа-мама, Қанатты «ағатай», Светаны «Света апа» деп өсті.
Жалпы Қанат пен Света өнер адамдары болғандықтан, үйде көп болып жарытпайды. Балалары да соған үйренген. Димаш та, Раушан да, Әбілмансұр да ата-әжесінің мол мейіріміне әбден қанып, қазақы, көпшіл, қолы ашық болып өсіп келеді.
Димаш Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетіне оқуға түскенде бұл екеуінің әбден мазасы кетті. «Димашжан тамағын ішті ме екен…», «Ұйықтап қалған жоқ па екен…», «Дауысы біртүрлі боп тұр, ауырып жүр-ау деймін осы бала…». Ақыры Астанаға, Димаштың қасына көшіп тынды. Бұл жақта да бірқауым ел бар екен. Барыс-келіс көбейді. Кейде көшеде жұрт танып, суретке түсуге қолқалап жатады.
Димаш Қытайдағы «Мен әншімін» байқауына қатысып, кейін әлемдік турнеге аттанғанда, бұлар Ақтөбеге оралды.
Миуа Низамутдинованың инстаграмдағы парақшасына 30 мың адам тіркелген
Жақында Димаш Құдайберген Ақтөбеге келіп кетті. Амандасып келгендерде есеп жоқ. Жұрт аяғы басыла бере, біз де бардық. Біздің алдымызда әлемдік деңгейдегі жұлдыз емес, кәдімгі өзіміз білетін қарапайым Димаш отырды. Әрине, талғамы қатты өскен. Елді қатты сағынған екен. «Жер бетінде Ақтөбедей қала жоқ. Өз үйіңде оянған қандай ғажап?! Тұра салып мамамды іздеймін. Үйдің асханасында бірдеңе пісіріп жатқан оны иіскеп-иіскеп кетемін…» — дейді ол. Расында да, оған ең жақын адам — «мамасы». Алғаш «Славян базарында» теледидарға үңіліп, ештеңе таба алмай, «жаны шығып» кете жаздаған Миуа апа сол кезде-ақ уатсапты үйреніп алған. Кейін инстаграмға тіркеліпті. Оны кәдімгідей өзі жүргізіп, барлық жаңалықтарын бөлісіп отырады. Қазір оның парақшасына отыз мыңға жуық адам тіркелген. Бұл — өте жақсы көрсеткіш!
Димаш та концерттен босасымен бірден «папа-мамасына» хабарласады. Скайп арқылы тілдеседі. Кейде «мамасының» көңілі босап, «бүлдіретіні» бар…
Әлемде даусы бес октаваға жететін әнші сирек. Тіпті саусақпен санарлық. Димаш — сол аздың бірі. Сол үшін де қадірлі. Ол әлемге қазақ үнінің әуезділігін жеткізіп қана қойған жоқ, ұлтымыздың отбасылық институтын да насихаттап жүр. Қазір әлем халқы ата-әжесінің тәрбиесін алған баланың қандай болатынына көзі жетті.
«Отбасының берік болуы әйелге байланысты. Себебі туған-туыс, жора-жолдас, келімді-кетімді кісімен қарым-қатынастың бәрі әйеліңнің қабағы арқылы жүреді. Алған жарың мен балаларың бірауызды болса, үйіңде береке болады. Мен бұл жағынан бақыттымын» — дейді Құдайберген аға.
«Әйел азаматын сыйлауы керек. Бір-біріне кешірімшіл болғаны жөн. Ұл ұл орнында, қыз қыз орнында болуы керек. Кеткен қыздың артынан хабарласа берген дұрыс емес. Ол түскен шаңырағының берекесін ойлауы тиіс». Бұл — Миуа апаның байламы.
Міне, бір-біріне деген осындай құрмет оларды алтын тойға жеткізді. Сізге де жұғысты болғай, қадірлі оқырман!
Оқи отырыңыз:
Әнші Бүркіт: Бала кездегі күнтізбем – қора тазалау, аула сыпыру еді
Мақпал Жүнісова: Есікті аш, мен сені зорлаймын дегенге дейін барды
“Қоңыр” тобының бұрынғы әншісі: Жұрт ойлағандай опық жеп қалған жоқпын