Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы бір балабақшадан": Батыс Қазақстан облысында қызамықпен ауыратын тағы бір бала реанимацияға түсті

Батыс Қазақстан облысында төрт жасар қыз қызамықтан көз жұмды. Тағы төрт бала ауруханада жатыр, оның біреуі реанимацияда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ауруды жұқтырғандардың бәрі Тасқала ауданындағы бір балабақшадан. Дәрігерлер әдетте қызамық тез емделетінін айтады, бірақ бұл жолы ауру асқынып кеткен. Санитарлық дәрігерлер дерттің 40-қа жуық адамға жұғу қаупі бар екенін анықтады, олар да тексерілуде.

Төрт жасар Ералы Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Бала жексенбіден бастап ауырған. Ауыл дәрігерлері оның қызамық жұқтырғанын анықтап, дәрі-дәрмек жазып беріп, оны үйінен емделуге жіберіпті. Анасының айтуынша, баланың жағдайы күннен-күнге нашарлаған. 

“Реаниматологты шақырдық, баланың тамыр соғысы сезілмеді. Сол үшін баламды шұғыл реанимацияға алып кетті. Үш күннен бері ол жансақтау бөлімінде жатыр, сөйтсе пневмония асқынып кеткен. Аузының бәрі іріңдеп кетті”, – деді баланың анасы Айнагүл Үмбеталиева.

Ералымен бір топта болған төрт жасар Ақерке 6 желтоқсанда осы аурудан мерт болды. Ол ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, бес сағаттан кейін баланың жүрегі тоқтап қалды. Осыдан соң пневмония және миокардит асқынған.

"Биыл жағдай тез ушығып жатыр. Әсіресе, бұл ауру балаларда асқынған. Осыған байланысты қызамықпен ауыратын барлық балаларды ауруханаға жатқыздық. Олар қазір біздің бақылауымызда”, – деді Тасқала орталық аудандық ауруханасының директоры Руслан Бралов.

Биыл Батыс Қазақстан облысында 780 адам қызамықпен ауырса, 347-сі ауруханада емделді. 

Алты науқас баланың бесеуі "Балдырған" балабақшасының бір тобында болғандар. Қазір балабақшада ешкім жоқ. Өңдеу шаралары жүзеге асырылуда. Жергілікті медицина қызметкерінің бұйрығымен балабақша карантинге жабылды. Қызамық кезінде өлім-жітімге әкелетін ең ауыр инфекция болып саналды. Бірақ заманауи дәрі-дәрмектердің көмегімен оны емдеуге болады. Қызамық кезінде дене қызуы көтеріліп, денеде бөртпе пайда болады және тіл мен тамақ қызарып кетеді. Оны әр адамда болатын стрептококк тудырады.

Ауру ауа тамшылары және тұрмыстық жолмен беріледі. Оған қарсы вакцина жоқ. Сондықтан дәрігерлер тек гигиенаны мұқият сақтауға кеңес береді. Науқас балалармен араласқандардың барлығы қазір бақылауда. 

“Біз науқастармен байланысқандар шеңберін анықтап, жұтқыншақ, бадамша бездерден сынама алдық, бүгінде бактериологиялық зертханада тексеру жүргізілуде. Яғни, бактериоскопия жүргізіледі. Ал үш-төрт күннен кейіннәтижесі шығады”, – деді Батыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Жансақтау бөлімінде жатқан Ералының анасы дәрігерлер індеттің өршігеніне алғашында мән бермеген деп есептейді. Алты баланың бірі сауығып, карантиннен шықты. Кішкентай Ақеркенің ауруды неліктен көтере алмағанын сараптама анықтайды.

Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қызамықпен ауырған бала көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау