Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бәрін сындырып үлгерген": Алматылықтар жақында жөндеуден өткен Тереңқұрдағы алаңның жағдайына наразы болды

жөндеу жұмыстары Фото: kris_p_akimat

Желіде Алматыда жақында ғана жаңарту жұмыстары жүргізілген Тереңқұрдағы алаңның суреті тарады. Тұрғындар жаңартылған дүниелердің уақыт өтпей жатып бүлінгеніне наразы болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушыларының айтуынша оқиға Достық пен Тәттімбет көшелерінің арасында болып отыр.

“Жап-жаңа саябақ. Бәрін әдемі, ыңғайлы етіп жасаған. Жаттығу орындары да, балалар алаңдары да бар. Бірақ әлдебір вандалдар қазірдің өзінде сындырып үлгерген екен. Көбірек адам көріп, түсінсін. Бұлай істеуге болмайды. Бізде халық сондай болып барады. Көздеріне шұқып көрсетіп, қатты айтып ескертпесе, істей береді. Нағыз хайуан секілді”, – деп жазды автор. 

Көпшілік те жаңартылған аймақтың мұндай хәліне реніштерін білдірді. 

“Бір апта бұрын ұлыммен сол жерде болдық. Бәрін керемет жасапты. Арнайы тыныш жер іздеп, осы орынды таңдаған едім. Енді бұзақылар ол жаққа да жетіп үлгеріпті”, “Кинотеатрлар мен Ботаникалық бақты бүлдіріп болған. Қалада тек нағыз қала тұрғындары ғана жүретін карантин кезін сағына бастадым”, “Бәлкім сапасы сын көтермеді ме екен? Басқалары бүтін тұр ғой”, “Балаларыммен мұнда жиі келемін және бірнеше рет балаларға арналған әткеншектерге мініп алған ересектерге ескерту жасағанмын.  Одан бөлек, кішкентайларға арналған көпіршелерге секіріп, өздерін жабайы ұстаған жасөспірімдер де болды. Ересектер, жай қарап тұрмай ондайларға ескерту жасаңыздар. Әйтпесе, ертең бәрін қайтадан салуға тура келеді”, – деп жазды жұртшылық 

Stan.kz тілшісі жағдайға байланысты Алматы қаласының әкімдігінен пікір сұрады. 

"Тереңқұр" саябағының аумағында ойын алаңының элементінің зақымдануы тіркелді. Мердігер ұйымның кепілдік міндеттемелеріне сәйкес оны жаңасына ауыстыру жүргізіледі. Жеткізу қазірдің өзінде ұйымдастырылған, орнату дүйсенбіде саябаққа келушілер аз болатын күндізгі уақытта жоспарланған. Қалпына келтіру жұмыстары қысқа мерзімде аяқталады”, – деді Медеу ауданы әкімі аппараты.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 16:19
Талқылау