"Барымта" сөзінің шын мәніндегі мағынасы қандай?
Кейде бір сөздің мағынасын дұрыс түсінбегеннен қате қолданып жатамыз. Бүгін тілімізде қате қолданылып жүрген «барымта» сөзіне талдау жасаймыз.
«Барымта» сөзін көбінде «ұры» деген сөзбен шатастырып жатады. Қарапайым халық қана емес, журналистер қауымының да қателесетінін байқаймыз. Шын мәнінде осы екі сөздің айырмашылығы қандай?
Барымта – рулар арасындағы қақтығыс кезінде жауласқан руының малын талап, айдап әкету. Ал ұрлық - мүлікті жасырын қымқыру. Яғни, жәбірленуші мен басқа адамдар байқамайды деген сеніммен қылмыскердің мүлікті жасырын жымқыруы. Ұрлықтың барымталаудан айырмашылығы осы.
Мысалы, «Абай жолы» эпопеясында Тәкежанға өштескен Базаралы оның жылқыларын барымталап кететіні бар. Барымтаны кек қайтару, өш алу мақсатында жасайды. Бітпеген дау, алынбаған айып, төленбеген құн – осылардың арты барымтаға әкеп соғады.
«Барымта» сөзінің түп-төркіні – барын талау деген сөздерден шыққан деген де пікірлер бар. Сондықтан қазақ арасында «Барымтаға қарымта» деп те айтылып жатады. Қарымта – таланған елдің талаған елге есесін қайтаруы. Бұл сөздің түп-төркінін «қарым» сөзімен байланыстырып, қарымын қайтару деген ұғыммен астасқандығын көреміз.
ҚР парламенті мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Сауытбек Әбдірахманов барымта сөзіне қатысты мынадай тұжырым жасайды.
"Барымта – тарихи ұғым. Байырғы қазақ қоғамындағы құн дауына, жесір дауына, жер дауына, басқа да даулы мәселелерге байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда құн даулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап әкетуін барымта деген. Кейде барымтаның әділеттілікті қалпына келтіруге септескен жайлары да кездескен. Сондықтан рулы елдің есесін жібермей, тиісті құнды амалсыздан осындай жолмен қайтаратын намысты, қарулы жігіттерді барымташы деп дәріптеп қоятыны да болған", - дейді ол.
Айтуынша, мал ұрлайтындарға қазақ басқа сөзді қолданған. Айдың, күннің аманында айдаладағы малды айдап алатындарды, түн жамылып қораға баратындарды, жазықсыз жандардың обалына қалатындарды басқаша айтқан. Оларды баукеспе деген, ұры деген, қарақшы деген.
Біз, Stan.kz редакциясы, қазақстандықтар қазақ тілінде сауатты жазып, сөйлегенін қалаймыз. Осы орайда, "Таза тіл" шығарылымдар сериясын жарияладық.
Қазақ тілінде сөйлеуде тағы қандай сәттерде қиындық туындайды? Адамдар қай кезде жиі қателеседі? Егер сауалдарыңыз болса, келесі форма арқылы бізге сұрақ жолдаңыз

“Партизан болған, 400-ден астам жаралы сарбазды құтқарған”: Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен қазақ қыздары кімдер
