Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәріміз қарсымыз": Алматы тұрғындары жаппай монша құрылысына қарсылық білдірді

Алматы қаласының тұрғындары Егізбаев көшесінде монша кешенінің салынуына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатыр. Ол монша салу жоспарланған жалғыз автотұрақ орнын қорғап қалуды мақсат етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Inalmaty.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл жағдайға тек автокөлік иелері ғана емес, қарапайым азаматтар да наразы. Адамдар әртүрлі себептермен моншаның салынуына қарсы.

"Барлық үйлерде ыстық су мен ванна бөлмелері бар ауданда монша не үшін керек? Барлық монша кешендері жақсы деп айта алмаймыз, адамдар оларды азғындық және жеңілжүрісті қыздармен байланыстырады.Бұл жерде ондай ештеңе болмаса да, біз бәрібір қарсы боламыз. Адамдар көліктерін қайда қояды? Неліктен біз соңғы автотұрақтан айырылуымыз керек? Автокөліктерге толы аулаларға жедел жәрдем, өрт сөндіру бөлімі немесе полиция қалай кіреді? Неге құрылыс салушының мүддесі барлық тұрғындардың мүдделерінен жоғары? Біз бәріміз моншаға қарсымыз!"- деп сұрайды жергілікті тұрғындар.

Алматылықтардың айтуынша, олар Бостандық әкімдігіне арызданған, жиында келіспеушіліктерін айтып, монша кешенін салуға қарсы уәждерін жеткізген, бірақ ештеңеге қол жеткізген жоқ. Содан кейін олар журналистерден қолдау сұрады. Халық мәселе БАҚ-та жариялаған соң, монша құрылысы тоқтатылады деп үміттенеді.

Тұрғындар құрылыс салушыға монша кешенін салуға жол бермеуге бекінген. Жақын арада олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу түсіруді жоспарлап отыр.

Талқылау