Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі жақсы болады": Сәнгер Жадо елордалық жалғызбасты ананың балаларына киім сыйлады

Дизайнер Жадо елордада тұратын төрт балалы жалғызбасты анаға көмектесті. Ол отбасының жағдайын біліп, балаларға киім сыйлады. Сонымен қатар бір айлық пәтерақысын төлеп берді.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі сәнгер үйіне келген кезде, көпбалалы ана таңданып қалды. Ол Жадоны өмірде көремін деп ойламағанын , мұндай ой үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтты. 

Көпбалалы ана Әсемгүл Азаттың күйеуімен ажырасқанына үш жарым жыл болған. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатқан жалғызбасты ана төрт перзентін жалғыз өзі асырап отыр. 

Әсемгүлдің сөзінше, бүгінде күйеуі хабарласпайды екен. Төрт баласы үшін алимент те төлемейді. Басында 3-4 ай ғана алимент алдым, дейді ол.

«Үш жарым жыл бұрын күйеуіммен ажырастым. Күйеуім о бастан араққа жақын болды. Арақ ішіп, үйдің берекесін кетіретін. Бір ажырап, бір қосылып жүрдім. Бір балам сабақтан қалып қойды. Мектепке бір жыл кеш барды. Ішуін қоймады. Үйге неше түрлі адамдарды алып келіп, бірге ішеді. Арасында ауырып қаламын, балалар да ауырып қалады. Сол үшін кетуге тура келді. Ақыры заңды түрде ажырастым», - дейді жалғызбасты ана.

4 баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, ыстығы мен суығына сабырлықпен төзіп келе жатқан жалғызбасты ананың арманы - балаларының амандығы. Отын болмай, салқын үйді де паналаған бұл отбасының жүздерінде, жүректерінде жылу бар. Ал төрт баласын тастап, ащы судың жетегінде кеткен әкелерінен ешқандай көмек те, хабар да жоқ.

Көпбалалы анаға құр қол келмеген Жадо балаларға арнап киім мен түрлі тәттілер алып келген. Сонымен қатар отбасының бір айлық пәтерақысын төлеп берді.

«Қазір қиын болғанымен, болашақта бәрі жақсы болады. Сіздің байлығыңыз – бала. Бәріміз бала деп шырылдап жүрміз ғой. Сондықтан ұл-қыздарыңыз сіздің алақанына салып жүрсін деп тілеймін. Бақытты болыңыз», - дейді Жадо.

Ал қанша қиындық көрсе де еңселері түсіп, сағы сынбаған балалар келешектерінің кемел боларына кәміл сенеді.

Талқылау