Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бәрі ұйқыда жатқан: Алматы облысында бес балалы отбасының үйі өртеніп кетті

Алматы облысында ерлі-зайыптылар бес баласымен лашықта түнеп жүр. Талғар ауданының Еламан ауылында тұратын көпбалалы отбасының баспанасы ойламаған жерден отқа оранған. Далада қалған жанұяның жағдайын білуге жергілікті әкімдік өкілдері келмепті.

Ал өрт шыққан күні шырт ұйқыда жатқан жандарды көршілері құтқарып қалған. Ішерге тамағы мен киерге киімін де тасып, қолұшын созып отырған да осы көршілері екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағы бір күнде ортасына түсті. Маусымның 21-і күні шырт ұйқыдан жатқанда үйдің шатырының бір бұрышынан өрт шығып, лезде таралып кеткен. Көршілері болмағанда оқиғаның немен аяқталатынын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Әп-сәтте 4 бөлмелі үйінің түгі қалмаған отбасы, бұл күнде қолдан күрке тұрғызып сонда күнелтуде. Жығылғанға жұдырық болып, сол күні отанасының әкесі өмірден озған.

"Далада отырмыз. Енді мына лапаста тұрып жатырмыз. Ішінде төсек-орнымыз, алдында шай әшеміз. Көршілеріміз растайды, Құдайдан сұрап алмадық. Аяқ астынан болған жағдай", - деді тұрғын Гүлжазира Әшімбай. 

Гүлжазираның күйеуі екеуі табатын табысы бала-шағаның азық-түлігі мен киім-кешегінен артылмайды. Оған қоса, төлейтін несиелері тағы бар. Өрт болған кезде құжаттары мен аздаған заттарын шығарып үлгерген.

Қалған мүліктері жарамсыз болып қалған. Жеті жаннан тұратын отбасының 120 мың теңге кірісі болғаны үшін атаулы әлеуметтік көмектен де қағылған. Олардың ендігі бар арманы - қара күзге дейін баспанасын қалпына келтіру.

"Күн суытпай аман-есен үйіміз тұрып, балалардың сабағы басталғанша, жауын-шашынға қалмай, жылы үйде тұрғымыз келеді. Үйіміз қайтадан қалпына келсе деген тілегіміз бар еді", - деді Гүлжазира Әшімбай. 

Қиын жағдайға тап болған жандарға азық-түлігін алып беріп, көрші-қолаңы көмектесуде. Алғашқылардың бірі болып көмекке ұмтылып, өмірлерін сақтап қалған да осы көршілері.

"Мына кісілер көрген екен. Бұл кісілер үйлерінде ұйықтап жатқан екен. Шатырдан шығып жатқанды мына кісілер көріп, бәрімізге хабарлап, бәрімізге хабар барды. Келдік бәріміз, шелекпен тасыдық. Шлангамен құйдық, бірақ алып қала алмадық үйді. Ал өрт сөндірушілер 50 минуттан кейін келді", - деді Сәбит Жақсыбеков.

Бес балалы отбасының далада тұрып жатқандарына оншақты күнне асса да не ауылдың, не Талғар ауданының әкімдігінен келіп, жағдайларын сұраған жан болмапты. Дегенмен жергілікті билік өкілдері көмек болады деп сендірді.

"Ауыл әкіміне хабарластық. Ауыл әкімінің жіті бақылауында болады. Демеушілер іздеп жатырмыз. Солар арқылы құрылыс материалын алып беріп көмектесеміз", - деді Талғар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жангелді Өмірәлиев.

Онымен қоса аудандық әкімдік қызметкерлері бір-ақ күнде барынан айырылған отбасына атаулы әлеуметтік рәсімдеуге де жәрдемдесетіндіктерін жеткізді. Әзірге көмектің қашан берілетіні белгісіз. Шарасыз күйге түсіп, күні-түні далада түнеп отбасы қайырымды жандардан көмек сұрайды.

Талқылау