Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі тұтас мафия": Депутат Базарбек 108 жастағы сиырға және қайтыс болғандарға қалай субсидия берілгенін айтты

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек ауыл шаруашылығын субсидиялау мәселесі бойынша жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдау барысында 108 жастағы сиырға қалай субсидия берілгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: pixabay.com

"1299 ай немесе 108 жастағы сиырға субсидия берілгені анықталды. Сиырдың туған күні ретінде 1914 жылдың 6 наурызы көрсетілген. Басқаша айтқанда, әкімдіктер Амангелді Имановтың көтерілісінен екі жыл бұрын, Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында, Қазан революциясынан үш жыл бұрын туған сиырға субсидия берген", – деді Бақытжан Базарбек.

Бұл жағдай ауыл шаруашылығындағы субсидиялау жүйесінде елеулі проблемалар мен бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр деді депутат.

Депутаттың айтуынша, субсидиялар жұмыс істемейтін шаруашылықтарға, банкротқа ұшырағандарға, жалған кәсіпорындарға және тіпті қайтыс болған адамдарға да берілген. 148 өтінім бойынша 254 миллион теңгенің иелері субсидия беру кезінде жойылған. Ал Түркістан облысы мен Шымкенттегі 968 субъект сол уақытта кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан.

"Оларға тыңайтқыштарға арналған субсидиялар берілді. Менің ойымша, тыңайтқыштар мәселесі мен субсидияларды беру ісін құқық қорғау органдары ерекше бақылауға алуы керек. Онда бәрі тұтас мафия", – деп қорытындылады Бақытжан Базарбек.

Мәжіліс дәлізінде жоғары аудиторлық палатаның басшысы депутаттың мәліметін растады. Ол мұндай факт елдің оңтүстік өңірлерінің бірінде болғанын атап өтті.



Еске салайық, бұған дейін Қостанайда ойын-сауық орталығында пара алғаны үшін ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік тексеру комитетінің бұрынғы төрағасы Дархан Әбдікәрімовқа сот үкімі шықты. 78 миллион теңгеге пестицидтер (арамшөпті, өсімдік зиянкестері мен індеттерін жоятын химиялық препарат) сатып алуға келісім-шарт жасау үшін мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы ЖШС басшысынан 4 миллион теңге сұраған. Кәсіпкер параның бірінші жартысын шенеунікке өз қызметкері арқылы беріп жіберсе, екінші жартысын Қостанайдағы сауда ойын-сауық орталығында дәмханадағы үстелдің астына жасырып берген.

Талқылау