Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі қурап кетті": Түркістан облысында шаруалар 40 градус ыстықта алқапқа су жетпей жатқанын айтып көмек сұрады

Түркістан облысында 40 градус ыстықта алқап сусыз қурағанФото: Сюжет кадрларынан скрин

Түркістан облысында диқандар 40 градус аптап ыстықта егістікке су жетпей жатқанын айтып дабыл қақты. Айтуларынша, жүгері, қауын және мал азығы егілген ондаған мың гектар алқап қурап барады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ауыл тұрғындары сорғыларды жазғы маусымға дайындамады деп сумен қамтамасыз ететін компанияны кінәлады. Фермер Ерман Смаиловтың жоңышқасы (люцерна) қурап жатыр. Айтуынша, 10 гектар жерге бар ақшасы мен күшін салған. Алайда жинау уақыты жақындағанда өнім болмай қала ма деп қорқады. 

“Міне, қараңыз, бәрі қурап кетті. Бұл жерге 1 миллион теңгеден аса несие алдым. Құрт-құмырсқаға қарсы дәрі, тыңайтқыш, дәрумен – бәрін осында салдым. Бәрі бекер болған сияқты. Бүкіл жоңышқа қурап кетті”, – деді фермер Ерман Смаилов.

Қазір тек жоңышқа емес, қауын мен жүгері де зардап шегіп отыр. Дақылдардың көбі бір ай бойы сусыз күннің астында тұрып қалған. Фермерлер енді пайдадан үміт үзіп, ең болмағанда шығындарын өтей алсақ деп отыр. Олар жер асты суын сорғымен тартып көріп жатыр. Бірақ сорғылардың күші жетпей тұр.

“Егер бәрі көктемнен бастап дұрыс дайындалып, уақытылы қосылғанда, бәлкім, бұл қиындық болмас еді. Жүйені дер кезінде іске қосу керек еді. Қазір бар үміт – сол кезде кеткен қатені түзету”, – деді фермер Орынбасар Маханов.



Бұрынғы жылдары су Арыс пен Сырдария өзендерінен тартылатын. Бірақ биыл су қысымы алқапқа дейін жетпей жатыр, ал сорғылар жиі істен шығады. Ауыл тұрғындары көктемде-ақ жағдайды ескертіп, су компаниясының мамандарына айтқан. Алайда компания мәселе фермерлердің өзінде дейді. Айтуларынша, олар қызмет ақысын уақытында төлемей, қарыз жиналған. Жабдықтарды іске қосу үшін көп электр энергиясы қажет. Бірақ жаңа техникаға да, төлемге де қаражат жетпейді. Енді диқандар жергілікті биліктен көмек күтіп отыр.

“Біз Арыстан су тартып жатырмыз. Қазір 6 сорғы шамамен 2,5 текше метр су беріп тұр. Аудан әкімінің келісімімен жаңа сорғыға тапсырыс бердік. Ол 1,5 текше метр су тартады. Қазір оны жинастырып жатыр, ертең таңертең жеткіземіз деп уәде берді. Қондыру, қосу, су жіберу – барлығы дайын. Қосылған соң жалпы 4 текше метр су беріледі”, – деді Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 17 Шілде, 2025 14:04
Талқылау