Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәрі бос сөз болғаны ма?": Қазақстандық ата-ана 18-ге толған қызының жинағындағы ақшаның жоғалғанын айтып, ашуланды

Желіде қазақстандық ер адам EGOV жүйесіне кіріп, қызына аударылған аударымдарды тексергенін айтады. Жыл сайын 100 доллар көлемінде аударым жасалып тұрған, алайда бұл жолы жиналған сома жоқ болып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

“Айтылғанның бәрі бос сөз болғаны ма?”

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін олар алдымен ХҚКО-ға жүгінген. Алайда олар БЖЗҚ-ға жүгіну керегін айтқан. 

"Дәл бір айдан кейін менің қызым 18 жасқа толады. Бүгін Еgov-қа кіріп, аударымдарды қарап едік, жыл сайын түсіп тұрған 100 долларлық (50 133 теңге) аударымдар жоқ болып кетіпті. Бұған дейін әрдайым түсіп тұрған еді, өткен айда да тексергенде бар болған. Жиналған сома 200 доллардан (100 266 теңге) асқан. Себебін білмек болып, халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Олар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) сұраңыздар деді. Сосын БЖЗҚ-ға бардық. Олар "Бізге келіп түскен ақпарат бойынша, сізге аударымдар жасалған еді, қайда кеткенін білмейміз" деп шығарып салды", – деді ер адам.

Ер адам бұл жағдай көңілін қатты қалдырғанын айтты. Оның сөзінше, мәселе қаражаттың көлемінде емес, оның жүйеден қандай да бір түсініксіз себеппен жоғалып кетуінде болып тұр.

"Ашығын айтқанда, менің ашуым келді. Не айтайын? Расында да, үлкен сома болса ше? Сонда осы уақытқа дейін айтылғанның бәрі бос сөз болғаны ма? 18 жасқа толғанға дейін ақша бар еді, енді 18-ге толуына бір ай қалғанда жоқ болып кетті. Қызық... Осылардың тоятын күні бар ма екен? Қысқаша айтқанда, ақшаның қайда кеткенін біле алмадық", – деп ашуланды ер адам.

“45 күнде құжаттарды тапсырмаса, ақша қорға қайтарылады”

Кәмелетке толмаған қыздың жинағындағы қаржы қайда жоғалып кеткені туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) сұрадық. Олардың сөзінше, адам БЖЗҚ бөлімшесіне жүгіну арқылы өзінің нысаналы жинақ сомасын дербес тексере алады.

"Егер 18 жасқа толған азамат өзінің нысаналы жинақтағы ақшасын тексергісі келсе, ол мұны БЖЗҚ сайты, электронды үкімет порталы немесе зейнетақы қорының бөлімшесіне барып жасай алады. Ақшаны алу үшін 18 жастағы адам немесе оның заңды өкілі (мысалы, ата-анасы) "Отбасы банкке" немесе "Қазақстан халық банкі" арқылы онлайн өтініш береді. Кейін сол жасөспірімнің атына доллармен банк шоты ашылады. Осыдан кейін онлайн түрде ақшаны алу өтініші толтырылады. Банк (уәкілетті оператор) өтінішті қарастырып, мақұлдағаннан кейін 2 жұмыс күні ішінде БЖЗҚ-ға хабар жібереді. Зейнетақы қоры осы хабарламаны алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде қажет соманы шотқа аударады немесе белгілі бір себеппен бас тартқанын хабарлайды", – деп жауап берді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.

Егер жинақ алушы немесе оның заңды өкілі 45 жұмыс күні ішінде құжаттарды тапсырмаса, ақша қайтадан БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Банкке барарда қандай құжаттарды ала бару қажет?

Ал Жанар есімді қазақстандық әйел 18-ге толған баласымен бірге "Отбасы" банкке барып, құжаттарды тапсырған. Әйелдің айтуынша, баланың атына шот ашу және оқу ақысын төлеу біраз уақыт пен дайындықты талап етеді.

"Ақша жоғалып кеткен жоқ, олар баланың шотында, өйткені бала 18-ге толып, кәмелетке жеткен. Біз ұлым екеуіміз бұл мәселе бойынша жүгіндік. Бірақ Egov қаржылық операцияларды жүргізбейді және ақпаратқа ие емес. Тіпті қайда жүгіну керек екенін білмейді. Біз Отбасы банкке бардық, қабылдауда ұлымның ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңбасын) сұрады", – деді Жанар.

Жанар биыл 18-ге толған балалары бар ата-аналарға білу қажет ақпаратты тізбектеп берді:

  • Бірден Отбасы банкке барыңыз, өзіңізбен бірге ЭЦҚ (флешкада) алыңыз.
  • ЖОО-ға түскені туралы келісімшарт (ақылы негізде, БИН және басқа деректер көрсетілуі керек).
  • ЖОО-ның есеп айырысу бөлімінен алынған МБФ (электрондық форматта, флешкада).
  • Барлық реквизитті (ақылы оқуға келісімшарт) сканерлеп, флешкаға сақтаңыз.

Осы құжаттарды дайындау оқу ақысын төлеу үшін қаражатты аударғысы келетіндерге қажет.

"Отбасы банкке барлық құжат мен флешканы ала барғанда, балаңызға онлайн немесе офлайн түрде шот ашып береді. Ол өз жинағын доллар түрінде көре алады. Құжаттарды жинап, флешкаға салып, банкке қайта барғанда олар ақпаратты дерекқорға енгізіп, Астанаға жібереді.10 жұмыс күні ішінде қаражат доллардан теңгеге айырбасталып, ЖОО-ның шотына түсуі керек. Банктегі бюрократия қиын, ақпаратты бірден айтпай, бөліп-бөліп береді. Басында келісімшарт пен флешка қажет дейді. Кейін ЖОО-ның есеп айырысу бөліміне барып, төлем шотын (МБФ форматында) алып келу керек дейді. Одан кейін құжаттар цифрлық форматта болуы қажет деп қайта жібереді. Кейін келісімшарт пен басқа құжаттарды сканерлеп, флешкаға салуды сұрайды. Осылай біз екінші ай жүрміз. Кезекте тұрған бір әйел өткен жазда 100 доллар аудару үшін 3 ай жүргендерін айтты. Сондықтан барлық құжатты алдын ала дайындап, флешкаға салып, содан кейін ғана банкке барыңыз", – деді ата-ана Жанар.

Айта кетейік, 2023 жылы барлық жинақ алушыларға 100,52 доллар (50 393,69 теңге), 2024 жылы 129,38 доллар (64 862,08 теңге) есептелгенін хабарлаймыз. 2006 жылы туған азаматтарды қоспағанда, 2023 жылы Ұлттық қордан алғашқы қаражат есептелген балаларға биыл 3,04 доллар (1 524,04 теңге) мөлшерінде инвестициялық кіріс есептелді. Осылайша 2006 жылы туған баланың нысаналы жинағы 100,52 долларына тең болса, 2007 жылы туған баланың нысаналы жинақтау шотында 232,94 доллар (116 779,81 теңге) жинақталды.

Талқылау