"Бәрі арнайы тапсырыспен жасалған": 62 миллион теңге боспасалады делінген блогерлер жарыссөзде өз нұсқасын айтты

Алматыда блогерлерге қатысты даулы іс бойынша жарыссөз кезеңі өтті. 13 айдан бері қамауда отырған Дамир Күшеев пен Руслан Каримов 62 миллион теңгеден аса соманы бопсалады деп айыпталып отыр. Алайда айыпталушылар "нақты талап болмағанын, арандату деп" деп мәлімдейді. Stan.kz тілшісі сот отырысына қатысып, тараптардың уәжін тыңдап қайтты.
"Қай жерде “ақша бер” дедім?"
11 ақпанда Алматыдағы Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында блогер Дамир Күшеев, Руслан Каримов, Андрей Белянский және Құрманғазы Айтмұқановқа қатысты сотта жарыссөз өтті. Айып бұрынғыдай Қылмыстық кодекстің 194 бабы, 2-тармағы (Қорқыту) аса ірі көлемде бопсалау ретінде қалып отыр.
Айта кетейік, Дамир Күшеев пен Руслан Каримовқа кәсіпкер Бахтияр Блаевтен 30,5 млн теңге бопсалады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, блогерлер кәсіпкер туралы жарияланған және жариялануы мүмкін бейнематериалдарды өшірмеу немесе таратпау үшін ақша талап еткен.
Айыптаудың негізгі эпизоды былтыр 20 қаңтардағы кездесуден басталған. Прокуратура сол күні бопсалау фактісі болды деп есептейді. Іс бойынша кәсіпкерлер Андрей Белянский мен Құрманғазы Айтмұқанов та айыпталушы ретінде тартылған. Алайда айыпталушылар өздерінен нақты ақша талап ету болмағанын, ешқандай қаражат алынбағанын айтып, кінәларын толық жоққа шығарады. Олар істі арандату және тапсырыспен ұйымдастырылған қылмыстық қудалау деп санайды. Блогерлер әлеуметтік желідегі мәліметтерге сәйкес, әлеуметтік-саяси мазмұндағы материалдар жариялап, жемқорлық, құқық қорғау органдарының қызметі, инфрақұрылым, әскердегі сарбаз өлімі, экологиялық мәселелер және ауыз су сапасы секілді тақырыптарды көтерген. Күшеев бастапқыда велоблогер ретінде танылып, кейін контентін қоғамдық мәселелерге бағыттаған. Ал Руслан Каримов ауыз су өндірушілеріне қатысты тексеру видеоларын жариялап, бірқатар брендтерге сын айтқан еді.
Қорғау тарабы алқабилер құрамына қатысты күмәнін жасырмайды. Адвокаттың айтуынша, олар өткен жылдың қыркүйегінде жасақталған бастапқы тізімді талап еткен. Себебі алқабилер жыл сайын қыркүйекте келесі жылға бекітіледі. Бүгінгі сот отырысында алқабидің бірін жедел жәрдем қызметі денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға алып кеткен. Алайда қорғаушы тарап қарсылық көрсетіп, сол алқабидің өзін күтетінін, басқа адамның оның орнына қатыспауын сұрайды. Алайда судья сот отырысын бастап кетті.
Сот жарыссөзінде айыпталушы Дамир Күшеев өзіне тағылған бопсалау айыбын толық жоққа шығарды. Оның айтуынша, іс материалдарында нақты талап қою фактісі жоқ, ал жағдайдың өзі әдейі ұйымдастырылған арандатуға ұқсайды. Күшеев алқабилерге істің көлемі үлкен болғанын, процесс 6 айға созылғанын айтып, адамдық факторды да ескеруді сұрады. Бірақ судья, әуел баста, видео дәлелдерді көрсетуге қарсылық білдіріп, кейін көрсетуге рұқсат берді.
"Маған "бопсалады" деген айып тағылып отыр. Алайда диспозиция бойынша бопсалау болуы үшін нақты талап болуы керек. Яғни адам бірдеңені талап етуге тиіс. Сіздерден сұраймын, менің аузымнан шыққан нақты талапты көрсетіңіздерші? Бір сөз. Бір сөйлем. Бір жазба. Бір видео. Қай жерде мен ақша сұрадым? Бахтияр Блаев барлық жауабында, мен, талап қойған жоқпын деді. Соңында бір тиын да берілген жоқ. Бір тиын да алынған жоқ. Ешқандай материалдық зиян келген жоқ. Онда бұл не? Бұл арандату деп ойлаймын", – дейді Дамир Күшеев.
Фото: Stan.kz
Жарыссөз барысында Дамир Күшеев 20 қаңтардағы жанармай құю бекетіндегі әңгіменің стенограммасына ерекше тоқталды. Мемлекеттік айыптау тарапы дәл осы күнді бопсалау фактісі болды деп көрсеткен. Айыпталушының айтуынша, 19 минуттық аудиожазбада оның бар болғаны сегіз репликасы бар және бірде-бірінде талап қою белгісі кездеспейді.
"Бопсалау деген талап бар дедіңіздер. Яғни мен “бер” деуім керек. Осы стенограммадан менің бір рет болсын “бер” деген сөзімді көрсетіңіздерші", – деді Дамир Күшеев алқабилерге.
Ол аталған жазбаға қатысты маманның кешенді филологиялық, лингвистикалық және психолингвистикалық сараптама қорытындысы бар екенін айтып, онда оның сөздерінен қорқыту немесе бопсалау белгілері анықталмағаны көрсетілгенін мәлімдеді.
Алайда төрағалық етуші судья сараптама сот тергеуі кезінде зерттелгенін еске салып, оны қайта оқудың қажеті жоқ екенін айтты. Судья Қылмыстық процесттік кодексінің 367-бабына (Сотталушыдан жауап алу) сілтеме жасап, айыпталушы жаңа айыптау бойынша түсініктеме беруге құқылы екенін, бірақ іс материалдарын қайта жариялаудың қажет еместігін түсіндірді. Дамир Күшеев бұған қарсылық білдіріп, уақыттың өтуіне байланысты алқабилер кейбір жайттарды ұмытуы мүмкін екенін алға тартты.
"Төртінші ай соттасып жатырмыз. Мемлекеттік айыптау мені бопсалады дейді. Ендеше осы жерден бопсалауды көрсетіңіздерші", – деп айғайларды Дамир Күшеев.
Судья алқабилердің қандай шешім қабылдайтынын ешкім алдын ала білмейтінін атап өтіп, тараптарды процессуалдық тәртіпті сақтауға шақырды. Дамир Күшеевтің сөзінше, оқиға кезінде кәсіпкер тарапынан бес сағат ішінде 77 рет "блогерлерге қоңырау шалып, видеоны өшіртіңдер, бәріне келісемін" деген сөз қайталанған.
"Құрметті сот, құрметті алқабилер, арандату деген не екенін түсіндіргім келеді. Бес сағат ішінде 77 рет бір адам келіп "Блогерлерге қоңырау шалыңдар, видеоны өшірсін. Мен бәріне келісемін, бәріне қол қоямын" деп айту – бұл арандату емес пе? 77 рет! Осы сөздер Андрей Белянский мен Құрманғазы Айтмұқановқа қайта-қайта айтылған. "Қоңырау шалыңдар, видеоны өшірсін, мен бәріне келісемін" деп жалынуды не деп ойлауға болады?" – дейді айыпталушы блогер.
Күшеев өзін қоғамдық белсенді ретінде заңбұзушылықты жария еткені үшін қысымға ұшырадым деп есептейді және істі "тапсырыспен жасалған" деп атады.
"Блаев заңгерлік кеңседе жасырын жазба жүргізілгенін, ал қарсы тарап өзін "ештеңе жазып жатқан жоқпын" деп сендіргенін мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл әрекеттер Айтмуканов пен Белянскийді әдейі шатастырып, жағдайды қолдан ушықтыруға бағытталған. Блогер Дамир Күшеев өзін қоғамдық белсенді ретінде заңбұзушылықты жария еткені үшін қысымға ұшырадым деп есептейді және істі "тапсырыспен жасалған" деп атады.
"Видео сол кезде әлдеқашан жарияланып, тарап кеткен. Ешқандай келіссөз жүргізбедім. Айтмұханов 21-і күні бізге ықпал ете алмайтынын айтса да, 22-сі күні Блаев арнайы құрылғымен келіп, жазба жасаған. Заңгерлік кеңседе "ештеңе жазып жатқан жоқпын" деп сендірген жәбірленуші саналы түрде арандатуға апарып отыр. Бес сағат ішінде 77 рет бір сөзді қайталау жай кездейсоқтық емес, бұл алдын ала дайындалған сценарий. Бопсалау болуы үшін нақты талап болуы керек. Менен ондай талап болған жоқ. Шешім сіздердің ар-ұяттарыңыз бен ішкі сенімдеріңізге байланысты", – деп сөзін түйіндеді айыпталушы.
Бұдан бөлек бүгінгі жарыссөздер төрт айыпталушы да сөйлеп, өз нұсқаларын айтты.
Осы ретте Күшеев Дамир Мархабатовичтің жұбайы редакцияға тергеу органдары әзірлеген айыптау мазмұнын жолдап, істің мән-жайына қатысты өз ұстанымын жеткізді. Оның айтуынша, құжатта күйеуіне және өзге айыпталушыларға ауыр айып тағылған.
Фото: Stan.kz
Құжат мәтініне сәйкес, тергеу барысында Күшеев Д.М., Каримов Р.С., Айтмуканов К.А. және Белянский А.Н. алдын ала сөз байласу арқылы топ құрамында әрекет етіп, жәбірленуші Блаев Б.-ға қатысты аса ірі мөлшерде мүліктік талаптар қою арқылы бопсалау жасаған деп көрсетілген. Айыптау нұсқасында Күшеев пен Каримов №8 заң консультациясының маңында Күшеевке тиесілі автокөлікте отырып, Айтмукановтың әрекеттерін қашықтан үйлестіріп отырғаны баяндалады. Тергеу дерегіне сай, олар бірнеше рет телефон арқылы байланысып, нұсқаулар берген, бейнематериалдарды пайдалану және жою мәселелерін талқылаған.
Сондай-ақ құжатта жәбірленуші медиативтік келісімге қол қойып, ақша берген сәтті күткені айтылған. Бұл жайттар Күшеевтің көлігінен алынған бейнетіркегіш жазбасымен дәлелденгені көрсетіледі. Бұдан бөлек, №8 заң консультациясындағы кездесуде Айтмұханов бейнеқоңырау арқылы Күшеевке хабарласып, жәбірленушіге қатысты бұрын жолданған бейнежазбаларды жою туралы нұсқау бергені жазылған. Айыптау тарапының пайымынша, Күшеев пен Каримов талаптардың орындалғанын нақтылаған соң ғана видеоматериалды жоюға келісім берген. Бұл дерек жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарына (5-том, 72-бет) сілтеме жасай отырып келтірілген.
Құжатта жәбірленушіден:
- 18 000 000 теңге көлемінде ақша;
- 44 203 153 теңге сомасындағы мүлікке құқықтан бас тарту талап етілгені көрсетілген.
Талаптар "елеулі зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді таратамын" деген қорқыту арқылы қойылғаны айтылады. Осы негізде тергеу органы Айтмуканов Курмангазы Айтмуканұлын, Каримов Руслан Сулимовичті және Күшеев Дамир Мархабатовичті алдын ала сөз байласқан адамдар тобы құрамында, аса ірі мөлшерде бопсалау жасаған деп айыптайды. Күшеевке қатысты айыпта "бірнеше рет жасалған" деген белгі де көрсетілген. Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланған. Алайда Күшеевтің жұбайы бұл айыптаумен келіспейтінін айтып, істің біржақты қаралып жатқанын мәлімдейді. Оның сөзінше, бұл құжат тергеудің нұсқасы ғана, ал қорғаныс тарапы оқиғаның мүлде басқа қырын алға тартпақ.
"Бәрі арнайы тапсырыспен жасалған": 62 миллион теңге боспасалады делінген блогерлер жарыссөзде өз нұсқасын айтты