Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барға - қанағат, жоққа - сабыр": 100 жастағы ақтөбелік Алуа әжей ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті

Таяуда ғана 100 жасқа толған Ақтөбе қаласы, Ясный елді мекенінің тұрғыны Алуа Ержанова Stan.kz тілшісіне берген арнайы сұхбатында ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісті. Бір ғасырды артқа тастаған әже бүгінге дейін күн тәртібін қатаң сақтап, денсаулығын күтеді екен.

«Менің өмірімнің барлығы бейнетпен өтті. Ұлы Отан соғысы жылдарында ауылшаруашылығы саласында бір кісідей тер төктім. Күннің аптап ыстығы, ызғарлы суығына қараған жоқпыз. Еңбегім еленіп, Еңбек майданының ардагері атандым. Жеңіс туы желбірегеннен кейін де бала-шағаның қамы үшін мектептің еденін жуып, нәпақамды таптым. Жолдасым Мұқаннан ерте айрылғаннан кейін, Алланың берген алты ұл-қызын өсіріп жетілдіру маған жүктелді. Өмірдің қиындықтарына қарсы тұрып, ауыр жүкті арқалай білдік», – дейді айтары көп Алуа әжей.

6 баланы дүниеге әкелген Алуа Қосыбайқызы қазіргі таңда 4 баладан (2 баласы қайтыс болған) 21 немере, 55 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже. Қыздары – Алтынзер, Қырмызы, ұлдары – Зейнолла, Серіктердің барлығы да - бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ата-әжелер. Кенже ұлы Серіктің шаңырағында өмір сүріп жатқан Алуа әжейге немере ұлы мен келіндері қызмет етуде. 

Әжейдің күнделікті өмірде ұстанатын дағдыларын білмек болып, қыздары мен келіндерін де әңгімеге тарттық.

«Меніңше, анамның ұзақ жасауының басты сыры – барға қанағат, жоққа сабыр ете білгендігінде. Анамыз әлі күнге дейін адал болуды ұрпақтарына өсиет етіп келеді. Бұ кісі өмірінде ешкіммен санаспаған, біреудің өміріне араласпаған адам. Нанын еңбекпен тауып, өмір бойы шүкірлікпен келе жатқан жан. Бүгінде анамыздың көрген қиындықтарының барлығы артта қалып, азаттықтың ақ таңында ұл-қыздары мен немере-шөбере, шөпшектерімен бірге бақытты да баянды ғұмыр кешуде. Бүгінгі өскелең ұрпаққа анамыздың жасын берсін!», – дейді қызы Қырмызы. 

Иә, өмірде ұзақ жасау үшін байлық та, басқа да қажет емес екен. Кейіпкеріміздің өмір өткелдерінен көкейге түйгеніміз – қолда бардың қадірін біліп, басыңдағы бағыңды бағаласаң, жарқын күндердің есігі де айқара ашылатын тәрізді. 

«Әжеміз өте сабырлы адам. Осы үйдің ақ босағасын аттағалы бері бірде-бір рет әжейдің ашуланғанын көрмедім. Ұстамдылығының арқасында да Алланың қалауымен ұзақ өмір сүріп келе жатқан шығар деймін. Одан кейін өзінің күтіміне бей-жай қарамайтын кісі. Күн сайын таңертең белгілі бір уақытта ұйқыдан тұрып, кешке қарай да бір уақытта демалады. Дәрігерлердің белгілеп берген дәрілерінің әрбірін өз уақытында ішеді. Далаға шығып, таза ауада серуендеуді де ұмытпайды. Дұрыс тамақтану да басты ұстанатын ережесінің бірі. Әжеміздің сүйікті асы болғандықтан, біздің үйде ет жиі асылады. Сондай-ақ, жасым келді демей, беттің, қолдың күтіміне арналған кремдерді күнделікті жағып ұйықтайды. Өте таза кісі», – дейді немере келіні Гүлдана.

Өзінің саулығына салғырт қарамайтын Алуа әженің өмірі әрбірімізге үлгі-өнеге екені сөзсіз. Бүгінде қан қысымы ара-тұра мазалайтыны болмаса, тіл-көзіміз тасқа, жүз жасында да әжейдің жүзі жарқын. 

Жаңа жылдың алғашқы күні 100 жасқа толған Алуа Ержанованы Ақтөбе  облысының әкімі Оңдасын Оразалин арнайы келіп құттықтап, иығына зерлі нымша, басына ақ орамал жауып, бағалы сыйлықтар табыстады. 

Күні бүгінге дейін, ҚР Президентінің жарлығымен «Ұлы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен, «Тыл ардагері» медалімен марапатталған Алуа Қосыбайқызы: «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көк туымыз көгімізде желбіреп бейбіт заманда бақытты өмір кеше берейік. Өмірлеріңіз мәнді де сәнді болсын. Жастарыңыз жүзден де аса берсін!», – дейді.

Бір ғасырды еңсергеніне қарамастан, ширақ қимылдайтын ақтөбелік әже әлі де талай тойға барып, халыққа ақ батасын беретініне сенімдіміз. Алла тіл көзден сақтап, қажыр-қуатыңыз ортаймасын деп тілейміз! 

 

Арнайы «Stan.kz» үшін


 

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Ақпан, 2020 10:45
Талқылау