Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Баратын жерім жоқ": Түркістан облысында күйеуі әйелін ұрып-соғып, бес баласымен қоса үйінен қуып жіберген (видео)

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы Сарыағаш қаласында күйеуінің жұбайын бес баласымен қоса үйден қуып шығып жатқан видеосы таралды. Әйелдің айтуынша, жолдасы мен қайын атасы оның ата-анасының жоқ екенін біле тұра, тұрып жатқан үйінен шығарып жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Видео журналист Гүлмира Әбіқайдың Instagram парақшасын жарияланған. 

Кадрдан қайын атасының келінін үйден қуып шығуға әрекет жасап жатқаны байқалады. Сондай-ақ балалардың қорыққандарынан жан дауыстары шығып жылап тұрғандарын көруге болады. Ал күйеуі әйелдің киім-кешектері мен жастықтарын жинап, далаға шығаруда.

“Қайын атасы мен күйеуі әйелді 5 баласымен далаға қуып шықты. Қуды дегенде тура мағынасында: күйеуі әйелі мен балаларының киім-кешек, жастығын жинап, атасы келінін далаға ұрып шығарды. Кәмелет жасқа толмаған 5 бала азан-қазан, бәріне куә. Оқиға киелі мекен Түркістан облысының Сарығаш қаласында болды. 5 баламен барар жер, басар тау жоқ әйел далада қалды. Психологиялық стрестен баласы ауырып ауруханаға түсті, қазір маған сол жақтан жазып отыр. Мән-жайдың бәрін енесі біледі, араласса, өзі таяқ жейді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, көп балалы анаға көмектесу керек. Бар кінәсі – жетім қыз, қорғаны жоқ, ал күйеуі өзінен жасы үлкен әйел тапқан. Түркістан облыстық, Сарыағаш аудандық отбасы, ана мен бала құқын қорғау комитеті бұл жайлы біле ма екен? Енді білсе, Жұлдыз бен 5 баланың құқын бірге қорғайық”, – деп жазған Гүлмира Әбіқай. 

 

Сондай-ақ Жұлдыздың өзі видеоүндеу жолдап, көмек сұраған. 

“Күйеуіммен отасқаныма 8 жыл болды. Арамызда 5 бала бар. Соңғы екі жылда күйеуім өзінен үлкен әйелмен жүріп, мені бес баламмен тастап кетті. Онымен қоса, менің ата-анам жоқ екенін біле тұра, тұрып жатқан үйімнен бес баламмен қайын атам екеуі ұрып, қуып шықты. Содан балам стресс алып, қазір ауруханада жатырмыз. Ертең ауруханадан шыққаннан кейін баратын жерім жоқ. Оқу жылы жақындап қалды, балаларымды қайда жайғастырарымды білмеймін. Маған көмек берулеріңізді сұраймын", – дейді келіншек өзі түсірген видеоүндеуде.

Осы жағдайға қатысты Түркістан облысы полиция департаменті пікір білдірді. Аталған жайт 10 маусымда Сарыағаш қаласында орын алған көрінеді. 

“Яғни бейнежазбадағы егде жастағы ер адам өз атындағы үйінің дауын ауызша шешу үшін, немерелерін көру үшінбұрынғы келіні мен немерелері тұрып жатқан үйге келген. Алайда келіні мен қайын атасы арасында үйге қатысты жанжал шыққан. Осы сәтте келіні болған жайтты ұялы телефонға түсірген. Мұны көрген атасы бұрынғы келінінің қолындағы телефонды қағып жіберген. Оқиға бойынша әйел бұрынғы күйеуінің үстінен арызданған. Тәртіп сақшылары іс бойынша тез арада әрекет етіп, жинақталған құжаттарды Сарыағаш ауданының әкімшілік мамандандырылған сотына жолдаған. Сонымен қатар әйел қорғау нұсқамасына алынған”, – делінген хабарламада. 

Полицияның мәліметінше, әйел қайын атасына қатысты полицияға ешқандай арыз-шағым түсірмеген. Егер де, қандай да бір шағымы болса, полицейлер тексеру жүргізіп, заңды шешім қабылдауға дайын.

“Оған қоса мүлікке қатысты дау-дамайлар азаматтық сотпен қаралатынын хабарлаймыз. Бұл туралы тәртіп сақшылары екі тарапқа да заңды түрде түсіндірген. Аталған отбасы Түркістан облысы полиция департаментінің бақылауына алынған. Алдағы уақытта да отбасы мүшелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, назарда болады”, – дейді полиция департаментінен. 

Талқылау