Сарапшылар екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ саласына кіргендегі тәуекелдерді ескертті
Фото: Отбасы банкі
"Отбасы банкі" әлемдік деңгейдегі сарапшылармен бірге тұрғын үй жинақ жүйесіне арналған конференция өткізді. Мұндай конференциялар жыл сайын халықаралық одақтарға мүше елдердің бірінде өтеді. Биыл тұрғын үй саясаты мен қаржыландырудағы негізгі үрдістерді талқылау алаңы Қазақстан болды.
Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Отбасы банктің шарттарын пайдаланып, қаржы жинап, кейін тиімді пайыз мөлшерлемесімен ипотека рәсімдеп, үйлі болды. Бүгінде күн сайын шамамен 2500 адам Отбасы банктен жаңа депозит ашады, ал банк күніне 190-ға жуық несие береді. Тек 2025 жылдың өзінде 669 732 жаңа депозит ашылып, 54 180 отбасы тиімді шартпен баспаналы болған. Бұл нәтиже тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесінің (ТҚЖ) тиімді екенін көрсетті.
“Отбасы банк” қазақстандықтарға қаржыны жиюды үйретті. Баспана – тек шаршы метр емес, отбасының қауіпсіздігі мен әл-ауқатының негізі. Қазір 3 миллионнан астам азамат өз жинағын осы банкке сеніп тапсырды, олардың шоттарында 2,5 трлн теңгеден астам қаржы жиналған. Жүйенің басты ерекшелігі – оны халықтың барлық тобы пайдалана алады", – деді “Отбасы банк” басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Ләззат Ибрагимова. Фото: Отбасы банкі
Жүйенің тәртібі қарапайым: әуелі адам депозит ашады, белгілі уақыт ақша жинайды. Жинаққа мемлекет пен банк сыйақы ретінде пайыз қосады. Қажет сома жиналған соң, салымшы төмен пайызбен ипотека рәсімдейді. Яғни жүйе "алдымен жина, кейін арзан несие ал" қағидасына негізделген.
“Мемлекетке ғана арқа сүйеген дұрыс емес”
Панельдік пікірталас барысында көтерілген негізгі мәселелердің бірі – екінші деңгейлі банктерге жеке тұрғын үй құрылыс жинақ банкін құрмай-ақ, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне кіруге рұқсат беретін заң жобасы болды. Мәжіліс депутаты Татьяна Савельева атап өткендей, Отбасы банк – бұл қалыптасқан, табысты құрал, оның дивидендтерін мемлекет Қазақстан экономикасын дамытуға қайта инвестициялайды. Биылғы жылғы өсім көрсеткіштері ішінара Отбасы банкінің қызметінің есебінен қамтамасыз етілді. Ал депутаттың айтуынша, банк жүйесінде жағдай сәл өзгеше: бизнеске берілетін несиелер жоғары өсім қарқынын көрсетпей отыр, ипотека да көптеген жылдар бойы бір деңгейде қалып келеді. Сондай-ақ жинақ жүйесі аталған өнімдердің дамуына серпін береді деген де нақты кепіл жоқ, әрі екінші деңгейлі банктер жинақ жүйесін жүзеге асырудан түсетін маржа түріндегі пайданы әрі қарай экономикаға бағыттайды дегенге де күмән бар.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, ТҚЖ жүйесіне барлық банк қосылмайды, бірақ келісетін банктерге ортақ талап қойылып, жұмысы мен қаржысы қатаң қадағалауы қажет.
"Мәселен, тұрғын үй құрылыс жинағына арналған депозит үшін бөлек шот ашып, активтерді бөлек қарап, тіпті банк ішінде арнайы бөлім құру қажет. Бұл бөлім тек жабық жүйе түрінде, яғни жинақ тек осы мақсатқа жұмсалатындай етіп жұмыс істеуі керек. Талаптар сақталмаса, ақша банктың басқа бағыттарына кетуі мүмкін", – дейді Дәурен Сәлімбаев.
“Отбасы банк” пен коммерциялық банктердің мүддесі әртүрлі
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхының сөзінше, банктер әртүрлі өнім мен қызмет түрін ұсынады. Оларға жаңа нарыққа кіріп, жабық жүйеге қосылғанша, қазіргі өніміне инвестиция салған әлдеқайда тиімдірек.
"22 жыл ішінде елде халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету сияқты ең маңызды міндеттердің бірін шешетін қуатты даму институты құрылды. Қазіргі таңда бұл мәселе жеткілікті жоғары деңгейде шешілді. Бұл – көп жылдық еңбектің нәтижесі, оған қол жеткізген табыстан бас тартуға немесе бірден өзгеріс енгізуге болмайды", – деп санайды Жандос Шайхы.
Ол соңғы 10 жылда Отбасы банк 10 есе өскенін еске салды. Сондай-ақ холдингтің құрамына кіретін Қазақстан тұрғын үй компаниясымен бірлесіп, шамамен 2 трлн теңге қаржыландыру бөлініп, рекордтық көлемде тұрғын үй қамтамасыз етіліп жатыр.
Сонымен қатар, коммерциялық банктер Отбасы банкінен 2–2,5 есе көп пайда табады. "Бәйтерек" ҰБХ басқарма төрағасының орынбасарының пікірінше, екінші деңгейлі банктерге жаңа тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне инвестиция салудан гөрі өздерінің бөлшек және корпоративтік өнімдерін дамытып, жоғары пайда алу тиімдірек.
Қазақстан қаржыгерлер ассоциациясының төрағасы Елена Бахмутова атап өткендей, Отбасы банк – бұл әлеуметтік функциялары мол, тұрақты даму институты, және енгізілетін жаңалықтар бірнеше жылдар бойы құрылған жұмыс жүйесін бұзбайды. Оның айтуынша, Отбасы банкінің салымшылары адал болып қала береді және жинақталған тәжірибе, кең желі және салымшыларды тарту құрылымын ескере отырып, қызметін жалғастырады.
"Біздің мақсатымыз – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін алмастыру немесе орнына қою емес, бұл жүйені толықтыру. Жаңа салымшылар мен несие алушылар саны көп болады деп ойламаймын, бірақ жастар көп, жылжымайтын мүлік нарығы өсіп келеді, ипотекаға сұраныс болады. Бұрын ислам банкін құру ұсынысы жауапсыз қалды, ал қазір көптеген екінші деңгейлі банктер белсенді түрде "исламдық терезелерді" енгізіп жатыр. Сол сияқты, екінші деңгейлі банктер шеңберінде тұрғын үй жинақтары бойынша арнайы өнімдер енгізіледі. Сонымен бірге, қазіргі таңда Отбасы банк сияқты мамандандырылған банк үшін және коммерциялық банктерде жүзеге асырылатын өнім үшін шарттар әртүрлі болмауы керек. Салымшы қай банкті таңдағанына қарамастан зардап шекпеуге тиіс", – деп түсіндірді Бахмутова.
“Жаңа заң жобасы өте шикі”
Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Мәдиқызы Еспаеваның сөзінше, екінші деңгейлі банктердің де ТҚЖ жүйесімен жұмыс істегені тиімді, бірақ оған әлі ерте. Себебі қаралып жатқан жаңа заң жобасы өте шикі, онда көп нәрсе толық ескерілмеген.
Дания Еспаева. Фото: Отбасы банкі
Осылай, тұрғын үй құрылыс жинақтарын реформалау туралы заң жобасы кәсіби қатысушылар арасында келіспеушілік туғызып отыр. Қазіргі модель дивидендтер арқылы мемлекетке қаражат қайтарумен ғана шектелмей, бюджет кідірістері кезінде де міндеттемелерді орындауға жеткілікті берік негізге ие. Заң жобасын қабылдау реттеушіден және екінші деңгейлі банктерден тек жаңа өнімдер жасау ғана емес, Отбасы банк бұрын дәлелдеген сенімділік пен ұзақ мерзімді әлеуметтік тиімділікті қамтамасыз ету қабілетін көрсетуін талап етеді.
Айта кетейік, бүгінде елдегі ипотекалық портфельдің 52%-ы “Отбасы банктің” үлесінде. Банктің қарыз алушылары 3,5%-дан (ЖЭСӨ 3,6%-дан 4,4%-ке дейін) 8,5%-ға дейінгі жылдық мөлшерлемемен (ЖЭСӨ 9%-дан 9,6%-ға дейін) тұрғын үй ала алады. "Отбасы банк" тұрақты өсімін көрсетіп отыр: таза пайда 2020 жылы 31,7 млрд теңгеден 2024 жылы 120,8 млрд теңгеге жетті, активтері 1,7 трлн теңгеден 4,2 трлн теңгеге өсті, проблемалық кредиттердің деңгейі (NPL90+) тек 0,12% болып, нарықтағы орташа көрсеткіш 3,47%-тен төмен болды. Сонымен қатар, ТҚЖ жүйесіне қатысушылардың экономикалық белсенді халықтағы үлесі 2015 жылы 7,1%-дан 2025 жылы 30,9%-ға дейін артты. Банк Қазақстандағы банктер арасында активтер бойынша 5-орында, ал өз капиталы бойынша 4-орында тұр.

"Студенттердің шәкіртақысында несі бар": Қазақстандықтар шетелде оқитын жастарға салық төлету туралы ережені сынға алды
