Банктерді банкротқа ұшыратқан қаржы институтының басшылары мен акционерлері жауапқа тартылуы мүмкін
Банк басшылары мен акционерлері жақын арада қаржы институттарының банкроттығы үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ұлттық Банктің өкілеттігін кеңейтетін заң жобасы Мәжілісте бекітілді.
Бұл туралы 31 арна-ға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Жақын арада Ұлттық Банктің өкілеттігі арта түспекші. Мәжіліс қаржы құрылымдарының жай-күйін бақылау үшін реттеушіге көбірек құқық беретін заң жобасын мақұлдады.
«Банк басшылары мен акционерлерін банктің қаржылық жағдайын нашарлатқаны және оны дәрменсіз банк санатына жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту белгіленді», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Дания Еспанова.
Яғни, қаржы институтының басшылары мен акционерлері банкті банкротқа ұшыратқаны үшін жауапқа тартылады. Заң шығарушылар мен реттеушілерді де түсінуге болады. Елімізде екі жылдан да аз уақыт ішінде «Қазинвест» және «Дельта» банктері жабылды. Екі қаржы институты да күмәнді қаржы көрсеткіштері бар компанияларға несие берген. Нәтижесінде салымшылар депозиттегі ақшаларын ала алмай қалған.
«Біз әртүрлі жағдайлардың алдын-алып, болжауымыз керек. Мысалы, депозиттерін банкте сақтайтын тұтынушыларда қолма-қол ақша алуға байланысты мәселелер болмауы керек. Сондықтан Ұлттық Банк жұмысты реттеп, нарық ойыншыларының жағдайы туралы білуі тиіс»,-деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, депутат Омархан Өксікбаев.
«Банк акционерлері параллельді басқа бизнеспен айналысады. Ал бұл кәсіпорындарды осы банктер қаржыландырады. Сондықтан олардың компанияларындағы мәселелер автоматты түрде банкке қиындық әкеледі»,-дейді «Қаржылық еркіндік» ҚҚ Қамқоршылық Кеңесінің жетекшісі Бота Жұманова.
Сарапшылар, өз кезегінде, коммерциялық банктер мен реттеушіні диалогқа шақыруда. Тек бір-бірін тыңдап қана мәселелерді шешіп, қиындықтан шығатын жол табуға болады. Әйтпесе, шектен тыс реттеу нарықтың қатты төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ал бұл тұтынушылар үшін де, мемлекет үшін де тиімді емес. Банктердің саны аз болған сайын – ұсыныстар мен салықтар да тиісінше азаяды.
Тағы оқыңыз:
АМУ студенттері дәрігерлердің біліктілігін IELTS сертификатымен өлшейтіндерге реніш білдірді (видео)
Павлодарлық түлектер әлемдегі үздік университеттерде оқуға мүмкіндік алды