Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банкке деген сенім: Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында қанша қаржы бар?

Елімізде екінші деңгейлі банктерден жинақ шотын ашып, ақша салатын адам аз емес. Десе де алда-жалда қаржы институты күйреп жатса, сол ақшаның белгілі бір шекті мөлшеріне дейінгі сомасын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан алуға болады. Ал аталмыш қорда қазіргі уақытта қанша ақша бар? 

Мәліметке сүйенсек, екінші деңгейлі банктерден түсетін жарнаны қор өзінің арнайы резервінде шоғырландырады. Қазіргі уақытта арнайы резервте 976,7 миллиард теңге жинақталған. Оның басым бөлігі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің жарналары есебінен толыққан.

“Әрбір банктің төлейтін жарнасының мөлшерін белгілеу үшін, оның қаржылық жағдайын бағалайтын модель қажет қой. Модель банктің жеке тәуекел-бейініне қарай жарна мөлшерлемесін анықтауға мүмкіндік береді. Шамалап айтқанда ол былай жұмыс істейді – банк өз ісінде тәуекелге барған сайын, оның Қорға төлейтін жарнасы да қомақты бола түседі. Ал жарна дегеніміз - сол қатысушы банктің кепілдік берілген депозиттерінің жалпы сомасының нақты пайызы”, - делінген ақпаратта. 

Жалпы, елімізде аталмыш қордың міндеті – банк төлем қабілетінен айырылған жағдайда салымшыларға кепілдік берілген өтемді уақтылы төлеуді қамтамасыз ету. 

“Сырт әлемдегі жан шошытарлық жайттарға, әлемдік нарықтағы аумалы-төкпелі құбылыстарға қарамастан, отандық банктер және жалпы банк секторы өзінің беріктігінің жеткілікті екенін және тұрақтылығын көрсетуде. Капиталдың жеткіліктілігі мен сапасының жоғары мәнге ие екенінен басқа, өтімділік құрылымының профициті де байқалуда. Яғни банктерде өздерінің міндеттемелерін дер кезінде орындауға өтімді ақша қаражаттары жетіп артылады. Бұған қоса, модель қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің SREP-әдіснамасы (Supervisory Review and Evaluation Process) негізінде жүргізетін, тәуекелге бағдарланған қадағалаушылық бағасын да есепке алады. Қор өзінің моделі бойынша бағалау нәтижелерін реттеушінің бағаларымен мезгіл-мезгіл салыстырып отырады. Бұл тұрғыдан алғанда біздің берген бағалар қаржы реттеушісінің берген бағаларымен көбінесе сәйкес келеді” - деп жазылған мәліметте. 

Талқылау