Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Банк мамандары болуы мүмкін": ЭЦҚ арқылы қазақстандықтың атына белгісіз біреулер 20 миллион теңге несие рәсімдеген

Алматыда алаяқтар тұрғынның электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы атынан 20 миллион теңге онлайн несие алған. Ол қарыз туралы бір айдан кейін ғана білген. Ер адам банктің еш сұранымсыз, бейне сәйкестендірусіз, тексеріссіз осынша ақшаны бергеніне наразы. Айтуынша, қазір банк тіпті жеке шоттарын да жауып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сюжет кадрларынан: Мұса Мамедов

Алматы тұрғыны Мұса Мамедов халықаралық тасымалдау кәсібімен айналысады. Үш ай бұрын Еуропада жүргенінде кәсіпкерге банктен телефон соғып несие қарызын төлеуді сұраған. 

“Маған ЦентрКредит Банкінің қызметкерлері қоңырау шалды. Олар банктен несие алғанымды айтты. Ал мен бұл банкте тіпті есепшотымның жоқ екенін және ешқашан қызметтеріне жүгінбегенімді жеткіздім. Олар 2 қазанда алынған 20 миллион теңге несиемнің бар екенін алға тартты",-  деді Мұса Мамедов.

Жәбірленушінің айтуынша, банк несиені электронды цифрлық қолтаңба арқылы бейне тексерусіз бергенін, ал растау үшін SMS хабарлама жібергенін түсіндірген. Бірақ тізімде белгісіз телефон нөмірі көрсетілген.

Мұса қазір банктің барлық есепшоттарын бұғаттап тастағанын айтады. Соның салдарынан кәсібін де жүргізе алмай отыр екен. Енді жәбірленуші ретінде банкке есепшотты ашып, қарыздың үстемеақысын тоқтатуға өтініш қалдырған. 

Себебі қазірдің өзінде қарыз үстемеақымен 22 миллионға жеткен. Ал банк клиенттің қатысуынсыз несиені қалай бергенін түсіндірмей отыр. Олар тек ақпаратта жеке деректердің барын сылтау етіп ішкі құпия деп жауап беруде. 

“Басқа қаржы институттарындағы шоттарды бұғаттаудан шығару мәселесін шешу үшін банкке хабарласып, мерзімі өткен берешегі бар мамандардың қабылдауына жазылу керек. Тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін мәселені қарау үшін растайтын құжаттарды ұсыну қажет. Банк өз тарапынан заңда белгіленген талаптар аясында көмек көрсетеді”, – деді "Банк ЦентрКредит" АҚ PR директоры Сәкен Нығмашев.

Алмалы аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінде көзделген алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Егер барлығы анықталса қылмыскерлер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 



“Менің жеке пікірім, бұл істе ұйымдасқан қылмыстық топ бар. Бұл банк қызметкерлері де, ХҚО қызметкерлері де болуы мүмкін. Егер адам өзінің ЭЦҚ кілтін ешкімге бермесе, ЭЦҚ-ның құпия сөзі болмаса, оны өзгелер қалай пайдаланады? Тек ЭЦҚ-ны қалпына келтіру арқылы, яғни Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ғана пайдалануға болады. Ал банк қызметкерлері – СМС растаусыз, түбіртексіз, фотосуретсіз, ешқандай банктік процедураларсыз мұны қалай істеді?! Жеке құпияларды ашып қана олар осындай үлкен соманы өңдеуі мүмкін”,- деді заңгер Ғабит Өмірбеков.

Сарапшылар, алаяқтар атыңызға онлайн несие ала алмауы үшін eOtinish қызметін пайдаланып, несиеге тыйым салатын жүйеге өтініш беруді ұсынады. Одан бөлек, ең бастысы жеке куәлікті, электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін, банктік қосымшаларындағы парольдерді немесе басқа да жеке деректерді бейтаныс адамдарға ешбір жағдайда бермеу керек екенін ескертті.

Талқылау