"Банан, манго, апельсин, папайя": Түркістан облысының тұрғыны Қазақстанға тропикті жемістер әкеліп өсіруде
Түркістан облысының тұрғыны Тұрсын Тасқожаев ауылдың дәл ортасында тропикті жеміс өсіретін жер ашты. 12 гектар экзотикалық жылыжайда банан, папайя, құлпынайдың жаңа сорты, сондай-ақ манго мен апельсин өсіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет сюжет кадрларынан скринделген
Ер адам әр елден қызығып көшет пен тұқым әкелген. Бір қызығы отырғызылған жемістің бәрі тамыр жайған. Фермер тәтті жемістерді өсіру қияр мен қызанақтан да оңай екенін айтады.
Бүгінде оның жылыжайында экзотикалық топтамалар пайда болған. Әзірге жиналған өнім отбасы мен туған-туыстарға жетеді екен. Алайда фермералдағы жоспарында тропикалық жемістер өсіретін аймақ көлемін бірте-бірте ұлғайту бар екенін айтады.
"Біздің қазақтың ақшасы банан, папайя, манго үшін шетелге кетіп жатқанын ойласам еңсем түседі. Кейін неге өз ақшамыз өзімізде қалу үшін банан, папайя да, лимон, апельсин өсірмеске деген ой келді", – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Тұрсын Тасқожаев.
Басқа фермерлер де экзотикалық өсімдіктерге қызығушылық танытқан. Олар да іске кірісіп таң қалдыруға дайын екендерін айтады. Сарыағаш өңірінде бұл іске жағдай бар. Себебі мұнда қазірдің өзінде 800 гектарға жуық жер жылыжай шаруашылығына берілген.
"Папайяны Өзбекстаннан өзіміз әкелдік. Бойы 20-25 сантиметрдей, әлсіз болатын. Отырғызғаннан кейін қалай өскенін көрсеңіз", - деді агроном Атхам Омаров.
"Қазір біз жылыжай өсірушілерді субсидиялауды сертификаттауды әзірлеп жатырмыз. Сарыағашта бізбен Қазақстанның Ұлттық ғылыми орталығының мамандары жұмыс істейді. Біздің есептеуіміз бойынша, шамамен 1 мың фермер сертификат алуы керек. Цитрустық жемістерге, гүлдерге, құлпынайға және басқа да жидектерге де субсидия берілсін деген ұсыныс болды", - дейді Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Әмірханов.
Қазіргі уақытта көптеген жылыжай шаруашылықтары барлығы автоматтандырылған және мінсіз болуын қамтамасыз ету үшін инновациялық технологияларға сүйенеді. Технологияның арқасында қол еңбегі азайды. Тұрсын Тасқожаев сондай-ақ "ақылды" жүйелерді белсенді түрде енгізуде, сонымен қатар жаңа эксперименттер үшін тағы бір бастама дайындауда.