Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балшыққа батып, шаң басып жүреміз": Ақтауда тұрғындар ықшамаудандардағы жолдарға шағымдануда

Ақтау қаласының "Шығыс-2" және "Шығыс-3" шағынаудандарының тұрғындары ықшамаудандардағы жолдарға шағымдануда. Күзде бен көктемде балшыққа батып, жазда шаң басып жүреміз деген халық алты жылдан бері биліктің уәдесін естіп келе жатқандарын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғындар құрылысқа тендер сонау 2017 жылы жарияланғанымен, жоба бірде-бір рет жүзеге аспағанын айтады. Ал мұнда жауын-шашын күні жүргізбейтін балшық, жаз мезгілінде көліктердің көтеретін шаңы тұрғындардың өмірін қиындатуда. 

“Халық шаршады. Қалада тұратындарға ұқсамаймыз. Күзде бен көктемде балшыққа батып, жазда шаң басып жүреміз. Құрылыс мәселесі 6 жылдан бері ілулі тұр. Көп рет көмек сұрадық. Бірақ олар бізді естімейтін сияқты”, – деді тұрғын Нұрлан Қожамқұлов.

Билік тұрғындардың мәселесін білетіндерін айтады. Мамандардың айтуынша, биыл 2 шағын ауданға асфальт төсеуге бюджеттен қосымша қаржы қарастырылған. Бастапқы жобаға бірқатар түзетулер енгізілді.

“Мердігер бір ай бұрын жер телімдерін топографиялық түсірумен қатар, геодезиялық жұмыстар жүргізді. Қазір мамандар тас жолдардың сызбасын жасауда. Мемлекеттік сараптаманы күзде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, осы жұмыстардың барлығын биыл аяқтағымыз келеді”, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұхан.

Өткен жылы "Шығыс-2" шағын ауданын асфальттау үшін қалалық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Жол құрылысы мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін басталады деп уәде беріліп отыр. Ал "Шығыс-3" шағын ауданындағы 4 көшеде жол жұмыстары басталған.

Талқылау