Балқаштың экожүйесін сақтау бастамасы: көлге 125 мың шабақ жіберілді
Бүгін Балқаш қаласында "Kazakhmys Smelting" ЖШС-ның бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін экологиялық акция аясында Балқаш көліне 125 000 дана сазан шабағы жіберілді.
Іс-шараның басты мақсаты – еліміздің табиғи байлығы саналатын Балқаш көлінің экожүйесін сақтау, биологиялық әртүрлілікті арттыру және өңір үшін әлеуметтік әрі экологиялық маңызы зор балық қорын қалпына келтіру. Ауқымды шараға компания басшылығы, жергілікті әкімдік, салалық мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Экологиялық акция барысында жарты жылдық шабақтар көлдің Бертіс шығанағына жіберілді. Таңдалған аймақ – шабақтардың бейімделуі үшін қолайлы көрінеді. Бұл аумақ "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Балқаш филиалы тарапынан ең тиімді жер ретінде ұсынылды.
Әр шабақтың салмағы 9-дан 100 грамға дейін жетеді. Орташа салмағы – 35 грамм. Мамандардың айтуынша, күз мезгілі – балықты табиғи ортаға жіберу үшін ең қолайлы кезең. Бұл шабақтардың жаңа ортаға тез бейімделіп, тіршілігін сәтті жалғастыруына сеп болмақ.
“Көктемде алынған уылдырық жаз бойы өсіріліп, күзде су айдынына жіберілуде. Балқаш көлінің суы бұл шабақтарға үйреншікті орта болары сөзсіз”, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының магистрі, ғылыми қызметкер Фаризат Алтаева.
Балықтандыру жұмысын Балқаш-Алакөл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, "Kazakhmys Smelting" ЖШС, жергілікті әкімдік және ғылыми орталық мамандары қатаң бақылауға алады. Балықтардың табиғи ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді.
Бұл акция – жай ғана экологиялық шара емес, өңірдің болашағына бағытталған ұзақ мерзімді әлеуметтік жоба. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысының дамуына қатысты белгілеген сегіз басым бағытының бірі – экологиялық тұрақтылық. Осы стратегиялық бағытты жүзеге асыруға үлес қосып отырған "Kazakhmys Smelting" ЖШС өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсартуға ерекше көңіл бөліп отыр.
“Биылғы 125 мың шабақты қосқанда компания соңғы бес жыл ішінде Балқаш көліне жарты миллионнан астам шабақ жіберді. Мәселен, 2022 жылы – 234 171дана, 2023 жылы – 166 405 дана шабақ көлге жіберілген болатын. Осы жылдардағы балықтандыру шарасына қомақты қаржы бөлінді. 2022-2023 жылдары аталған шараға 23 720 583 теңге бөлінсе, 2025 жылы қосымша 16 800 000 теңге қарастырылды. Бұл қаражат шабақтарды өсіруге, тасымалдауға, оларды бейімдеу жұмысын жүргізуге және ғылыми бақылауға жұмсалды. Біздің кәсіпорын үшін бұл – қоршаған ортаға қамқорлық танытудың көрінісі. Бұл тек экологиялық бастама ғана емес, бұл – біздің өндірістің қоршаған ортаға деген жауапкершілігі, – деді Балқаш мыс балқыту зауытының директоры Айдар Түсіпбеков.
Игі шараға арнайы қатысқан Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Руслан Сыздықов та бұл бастаманың маңызын атап өтті.
“Мұндай акция өңір тұрғындары үшін де үлкен мәнге ие. Бұл табиғатты сақтауға, биоәртүрлілікті қалпына келтіруге және болашақ ұрпаққа таза көл қалдыруға бағытталған нақты қадам”, – деді ол.
Айта кетейік, "Kazakhmys Smelting" ЖШС бұл бастаманы жалғастыра бермек. Балқаш көлін балықтандыру – жай ғана символдық шара емес, ғылыми негізделген, ұзақ мерзімді экологиялық бағдарлама. Бұл бастама көлдің биологиялық әртүрлілігін сақтауға, балық шаруашылығын дамытуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына оң әсер етеді.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
