Балқашта экологиялық жоба басталды: 1668 ағаш пен бұта отырғызылды
Балқашта "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС "Балқаш Тау-Кен Өндірісі" филиалы экологиялық іс-шаралар жоспары шеңберінде күзгі ағаш отырғызу жұмысын бастады. Компания бұл істі өз қаражаты есебінен жүзеге асырып, өндірістік нысандарға жақын орналасқан аумақтардың экологиялық жағдайын жақсартуға және абаттандыруға басымдық беріп отыр.
Көгалдандыру жұмысын атқару барысында өңірдің табиғи жағдайына бейімделген үйеңкі, жылаған қырыққұлақ (чубушник) және сары акация сынды сәндік ағаштар таңдалды.
“Көшеттер екіжылдық, жабық тамыр жүйесімен жеткізілді. Бұл – олардың жаңа ортаға бейімделуін едәуір жеңілдетеді. Саябақ аумағына 1668 түп ағаш пен бұта көшеттері отырғызылды”, – деді Қоңырат кенішінің директоры Дәурен Серікұлы.
Ағаш отырғызу жұмысына арнайы техникасы бар мердігер ұйым – "Жігер-2000" ЖШС жұмылдырылған. Жер қазу, тыңайтқыш себу, суару секілді жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл шаралар отырғызылған жасыл желектің жаңа ортаға тез бейімделіп, тамырын тереңге жая түсуіне қолайлы жағдай жасайды.
"Біз бұл көшеттерді зерттеп, Павлодар өңірінен арнайы алып келдік. Олар климаттық жағдайға сай таңдалды. Бұған дейін Шу қаласында да осындай жұмыс атқарып, жақсы нәтижеге қол жеткізгенбіз. Бұл ағаштар Балқаштың топырағы мен ауа райына бейімделетініне сенімдіміз”, – деді "Жігер-2000" ЖШС шебері Рүстем Серікболұлы.
Экологиялық акция барысында ағаштарды күтіп-баптауға ерекше назар аударылып, Қоңырат кенішіне көшеттерді көктемге дейін суарып отыру міндеті жүктелді. Ал келесі жылы ағаштарға тамшылатып суару жүйесі қолданылады.
Жасыл белдеуді кеңейтуге бағытталған игі іс Балқаш қаласы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Қоғамдық кеңістікке айналған Кеншілер саябағының көркейіп, гүлденуі – қала тұрғындарына арналған нақты қамқорлықтың көрінісі. Күзгі көгалдандыру жұмысы қазан айының соңына дейін жалғасады.
Қоңыраттағы жұмыс толық аяқталғаннан кейін ағаш отырғызу ісі өңірдегі өзге өндірістік нысандардың аумағында жалғасады.

"70 күннен аса жүрдік": Қытайдан Астанаға атпен жолға шыққан жас жұбайлар көпшіліктің ықыласына бөленді
