Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Имашев Назарбаевтың есімін Петропавл не Павлодар қаласына беруді ұсынды

Белгілі ақын Балғынбек Имашев елордаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруге қатысты пікір білдірді. Имашев көзі тірісінде адам атын қалаға беруді құптамайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz.

C9FC56B8-3B83-4AFD-A067-8E4D021DB400_mw1024_s_n

Ақынның айтуынша, еліміздің көшін кемелдікпен, даналықпен ілгері бастап келе жатқан елбасымызға қай шаһардың атын берсек те жарасады. Десе де ол дағдарыс кезінде мол қаражатты талап ететін бұл іске қарсы шықты.

«Тариxта қаншама ұлық тұлғалар керісінше туған қаласының атын алған (Фараби, Тарази, Бұxари, Басри т.б). Кеңестік кезеңде Әулиеата қаласының атауын Жамбылға өзгерткенде, жарықтық Жамбыл Жәкем қатты қапа болған екен. Елді-мекеннің атын өзгертуге қыруар қаржы кететіні белгілі. Дағдарыспен жағаласып, EXPO-мен қабаттасып жол ортада атымызды, қоналқада атауымызды өзгертейік дегеніміз қай сасқанымыз? Бұл мәселені көтере беру жағымпаздықтан гөрі қастандыққа көбірек ұқсайды. Нардың жүгін арқалаған Нұрсұлтан ағамызға қартайған шағында жаны ашып, абыройын қорғайтын адам қалмаған ба деп қаласың. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына міндетті түрде бір қалаға Елбасының атын беру керек болса, онда Петропавлға не Павлодарға берсін. Себебі, сол қаланың атын өзгертуге 25 жыл бойы шамамыз келмей, сонда қоныстанған қалың орыстардан (бәлки, көрші Ресейден) именіп келеміз ғой. Елбасының абыройын ел алдында түсіре бергенше, Ұлт көсемінің абырой-беделін ұлттың руxын көтеруге, мемлекеттің маңызды мәселелерін шешуге жұмсамаймыз ба?» – деп жазды ол желідегі парақшасында.

Ақын елбасын мазақ қылып WhatsApp желісі арқылы таралып жатқан түрлі әңгімелерге қапаланып отырғанын білдірді. Бұл орайда азамат ретінде үнсіз қала алмаған ол Нұрсұлтан Әбішұлының атына дақ түсірмеуді өтінді.

«Бұл өмірде бәрі өткінші, эмоция суиды, сағаттар сырғиды, мұңайма Үрбибі!
Ең бастысы – Еліміз аман, Елбасымыз есен болсыншы!» – деп түйіндеді сөзін Имашев.

Естеріңізде болса, депутаттар Астана қаласының атауын Назарбаев немесе Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынған еді.

Жіберіп алмаңыз:

Елбасы билік басында ұзақ отыр деген сынға қатысты пікірін білдірді

Елорда атауын өзгерту: Астана тұрғындарына қандай құжаттарды ауыстыруға тура келеді

Назарбаев Астана атауын өзгертуге қатысты пікірін айтты

Назарбаев: Балаларым мұрагер болады деп санамаймын

Талқылау