"Бәле болды": Жанар Айжанова "Хутор" бандасына қатысы бары айтылған Хасанмен бірге түскен фотосына пікір білдірді
Әлеуметтік желіде өнер иелерінің Талғардағы "Хутор" бандысының жетекшісі аталып жүрген Хасан Қасымбаевпен бірге түскен фотосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Танымал әнші Жанар Айжанова осыған қатысты пікір білдірді.
“Хасан деген бәле болды. Желкемнен келіп суретке түскен екен. Мен енді арқамнан суретке түскен адамдарға жауап бермеймін ғой. Маңдайында не деп жазулы тұрғанын қайдан білейін. Түссе анау, түспесе, көкірек деп айтасыңдар. “Жазығым жоқ, үш баланың әкесімін, өзіммен өзім шаруашылықта жүрген адаммын” деп сайрап отыр. Егер шын ақиқатты білетін болсаңдар, барып қол-аяғын байлап, менің алдыма әкеліңдерші. Айтатынымды оған да айтам. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қазаның маған не қатысы бар?! Сендер айтқаннан кейін, Хасан екенін біліп жатырмын. Бір томпиған бала артымда тұр. Ол қай жылы түскен сурет, қай жерде түсірілгені есімде жоқ. Тағы басқа да әншілер тұр”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. 14 қазанда марқұм Шерзат Болаттың өліміне қатысты бұрынғы “Хутор” ауылының тұрғындары пікір білдірген еді. Ал кешке қарай Хасанның өзі экранға шығып, үндеу жасаған. Ол адвокат жалдағанын, өзін “Хутор бандасының” басшысы деп қаралағандармен соттасатынын айтқан.